UNWTO Дүниежүзілік туристік ұйымы Алматы облысындағы Саты ауылын үздік туристік ауыл деп таныды. Бұл туралы Самарқандта өткен Best tourism Villages by UNWTO 2023 салтанатты іс-шарасында белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.
UNWTO - ның «Үздік туристік ауылдар» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған. Жобаның басты мақсаты - туризмді ауылдардың дамуы мен әл-ауқатының қозғаушы күшіне айналдыру.
Биыл бұл байқауға 260-қа жуық өтінім түсіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі 54 ауыл таңдалған. Тағы 20 «Жаңарту» бағдарламасына еніп, барлығы 74 елдімекен ең үздік туристік ауыл санатына енген.
Саты ауылы - еліміздегі табиғаты ең тамаша өңірдің бірі. Мұнда әйгілі Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі орналасқан. Сондай-ақ Сатының іші, Талды, Құдырғы, Өрікті, Далашық сынды туристер үшін әлі ашыла қоймаған жерлер бар. Еліміздегі ең көрікті жердің табиғаты мен жан-жануарлар әлемін қорғап, сақтау үшін 2007 жылдан бері «Көлсай көлдері» МҰТП жұмыс істейді. МҰТП деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың 9 айында өңірге 217441 демалушы келген.
Қазіргі уақытта Саты ауылы - қонақ үйлер саны бойынша көшбасшы, бұл жергілікті тұрғындардың келелі іске белсенді қатысуының нәтижесі.
Сонымен қатар, соңғы 5 жылда мұнда ыңғайлы маршруттар мен серуен жолдары құрылған, төменгі Көлсайға баратын жол күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда Қайыңды көліне жол салынуда.
«Қазақстанда Сатының табысты тәжірибесін тарату мақсатында қазақстандық туроператорлар мен басқа өңірлерден келген қонақ үй иелері үшін ақпараттық турлар, оқыту тренингтері мен семинарлар өткізіледі. 2023 жылғы есеп бойынша Сатыда 90 қонақ үй мен 30 орналасу орны жұмыс істейді. Бұл сан 2019 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі туристік бизнеспен айналысады», - деді туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Айта кетейік, 2020 жылы Саты ауылы Lonely Planet халықаралық агенттігінің нұсқасы бойынша жергілікті қауымдастықтарға негізделген туризмнің ең жақсы бағыты ретінде танылып марапатқа ие болған. Ал 2021 жылы ауыл туризмі бойынша төртінші дүниежүзілік конференцияда Саты ауылы «Rural Light Cup» немесе «Әлемдік ауыл туризмінің Оскары» алтын медалын иеленді.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Қазақстан мен ШҰАА арасындағы тауар айналымы 17,67 млрд долларға жетті
- 09 желтоқсан, 2024