Сергек камералары ауылдарға да жетті. Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылына алдағы көктемде екі «Сергек» камерасы қойылмақ. Бұл туралы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың ауыл халқымен кездесуінде мәлім болды.
Биылғы жылы Кеген ауданына жалпы саны 15 «Сергек» пен 800 қоғамдық бақылау камералары қойылмақ.
«Екі «Сергек» камерасын Саты ауылына қояйық деп отырмыз. Қойылғаннан кейін 40 немесе 60 деген шақырымдық шектеулер қойылады. Ал қоғамдық бақылау камераларының 25-ін қоямыз. Оны қай жерге қою керек екенін ауыл әкімі анықтайды. Бұл жұмыстар сәуір, мамыр айларында шешіледі», деді ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев.
Айта кетейік, «Сергек» – жол мен көшедегі түрлі құқық бұзушыларды анықтайтын интеллектуалды бейнебақылау, талдау және болжау жүйесі. Камералар жылдамдық режимін сақтамаған, арнайы жолаққа шығып кеткен, тоқтау сызықтарын басқан және бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен, жүргізуші мен алдыңғы жолаушы орындығында қауіпсіздік белдігін тақпаған азаматтарды, жаяу жүргіншіге жол бермеген сәттерді тіркейді.
Компанияның дерегіне сай, қалаларда орнатылған камераның жалпы саны 30 мыңға жуықтаған. «Сергек» камералары 2020 жылдан бастап бір ғана Алматы қаласында 4 млн 996 мың 691 әкімшілік жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін тіркеп, нәтижесінде 35 млрд 614 млн 748 мың теңге айыппұл салынған.