
Қазақстан шекарасындағы өткізу пункттері цифрлық бақылаудың жаңа деңгейіне өтпек.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, шекара және кеден бекеттеріндегі бақылау камералары Астанада орналасқан Бірыңғай мониторинг орталығына тікелей қосылатын болады. Бұл шешім мемлекеттік бақылау сапасын арттыру және қауіпсіздікті күшейту мақсатында қабылданған.
«Елімізде 102 өткізу пункті жұмыс істейді. Олардың көпшілігі байланыспен қамтамасыз етілген. “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы аясында 38 пунктке талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, барлық пункттерді Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісіне қосу және бақылау камераларын Астанадағы орталыққа тікелей шығару жоспарланып отыр», – деді Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ министр цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында қосымша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, 2026 жылға дейін 50 өткізу пункті ұялы байланыспен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, кейбір пункттерге спутниктік интернет пен қоғамдық Wi-Fi нүктелерін орнату көзделген.
«Бұл жұмыстар шекарадағы цифрлық инфрақұрылымды айтарлықтай күшейтіп, өткізу процестерінің ашықтығын және тиімділігін қамтамасыз етеді», – деді министр.
Аталған бастамалар ұлттық қауіпсіздік пен цифрлық басқару саласындағы кешенді өзгерістердің бір бөлігі ретінде жүзеге асырылып жатыр.