Шағын бизнес 2020-2022 жылдар аралығында корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық пен бірыңғай жер салығынан босатылды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2018 жылдың соңында шағын және микро бизнесті салықтан 3 жылға босату туралы Жарлық шығарды.
Қазақстанның Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес қызметкер саны 100-ден, жылдық орташа кірісі 300 000 АЕК-тен аспайтын ЖК, ЖШС-лар шағын бизнес, қызметкер саны 15-тен аспайтын, жылдық орташа табысы 30 000 АЕК аспайтын ЖК микро бизнес саналады.
Алайда бұл санатқа кіретін, бірақ акцизделетін өнімдер, нан өнімдері, ұтыс ойындары, ойын бизнесі, радиоактивті материалдар шығарушылар, банк пен сақтандыру саласы, аудитерлік қызмет, құнды қағаздар нарығы мен кредиттік бюро, күзет қызметі, қару-жарақ сатушылар, жер қойнауын пайдаланушылар, мұнай, жанар-жағармай нарығындағылар, сыртқы бизнеспен айналысатындар салықтан босатылмайды.