Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатының соңғы алушыға дейінгі қозғалысын толық цифрлық бақылауға алуды ұсынды.
Оның айтуынша, қаражатты жоспарлау, бөлу және нәтижелерін бағалау үдерістері толық автоматтандырылып, мониторинг қаржының игерілуіне емес, нақты нәтижелерге негізделуі тиіс.
Сондай-ақ ол пайдаланылмаған қаражатты Ұлттық қорға қайтару тетігін жетілдіру қажет екенін айтты. Смайыловтың пікірінше, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында кәмелетке толғаннан кейін игерілмеген қаражат инфляциядан қорғалуы үшін инвестициялануы керек. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе қазір талап етілмеген зейнетақы активтеріне қатысты қолданылып келеді.





