Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде ШОБ несие төлемі кейінге шегеріледі

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде ШОБ несие төлемі кейінге шегеріледі

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі ШОБ пен фермерлер үшін несие төлемдері кейінге қалдырылады. Бұл туралы Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында айтылды.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен жиында Қаржы министрі Мәди Такиев жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің өтінішіне сай несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылатынын баяндады. Сондай-ақ Қаржы министрлігі су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілері үшін салық есептілігін тапсыру және салықтарды төлеуді кейінге қалдыруды ұсынады.

Үкімет басшысы фермерлер мен мал шығыны бар жеке азаматтарға да қолдау болатынын атап өтті.

«Үкімет фермерлер мен мал иелеріне несиелер мен лизингтік міндеттемелерді кейінге шегеру бойынша қолдау көрсететін болады. Төлемдер кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды», — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірілетін болады.

«Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды», — деді Олжас Бектенов.

Жиында айтылғандай су тасқынына байланысты тоғыз өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау облыстарынан су тасқыны басталғаннан бері 19 мыңнан астам адам эвакуацияланды. 33 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерлерге көшірілді. 

Ұқсас материалдар