Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында агроөнеркәсіп кешенін толық цифрландырудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, саланың ақпараттық жүйелері арасында байланыс жоқтың қасы, бұл өз кезегінде шешімдердің қате статистикаға сүйеніп қабылдануына әкеледі.
Тоқаев әрбір шаруашылықтың цифрлық технологияларды қолдануға дайын болуы қажет екенін айтып, мемлекеттік қолдау инновация енгізіп жатқан, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолданатын кәсіпорындарға бағытталуы керектігін жеткізді.
Президент Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы саланың нақты жағдайын көрсетуге тиіс екенін еске салып, оның нәтижелері цифрлық жүйелерді дамытуға негіз болатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды және деректер сапасын тұрақты бақылауды тапсырды. Оның айтуынша, Электронды агроөнеркәсіп кешені платформасы базасында саланы кешенді басқаруға мүмкіндік беретін ауыл шаруашылығы мәліметтерінің бірыңғай архитектурасын қалыптастыру қажет.





