
АСТАНА, 7 қазан. / 7kun.kz /- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы 7 қазан күні ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әңгіме барысында ол Путинді туған күнімен құттықтап, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті, тату көршілікті және одақтастықты нығайтуға қосқан оның айрықша жеке үлесін атап өтті.
«Сөйлесу барысында мемлекет басшылары екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Әңгімелесушілер жоғары деңгейде бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың практикалық аспектілеріне ерекше назар аударды», — делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, 7 қазан күні Владимир Путин 73 жасқа толды.
Кеше Кремль өкілі Дмитрий Песков БАҚ-на Владимир Путин туған күнін әдетте туған-туыстары мен жақын таныстарының ортасында атап өтетінін айтқан.
«Алайда, көп жағдайда мерекелеу жұмыс сипатында өтеді, және президент бұл мүмкіндікті басқа елдердің әріптестерімен сөйлесуге пайдаланады. Атап айтқанда, Путин ТМД елдерінің басшыларымен кездесулер өткізеді, ал көптеген шетелдік жетекшілер оны телефон арқылы құттықтайды», —деген еді Песков.
Ресейлік БАҚ-ның хабарлауынша Путин 40-қа жуық құттықтау алған. Оның ішінде Ким Чен Ын, Александр Лукашенко, Ильхам Алиев, Эмомали Рахмон, Реджеп Тайип Эрдоган тағы басқалары бар. Ал АҚШ, Еуроодақ елдері, Жапония, Канада басшылары құттықтамаған.