Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Тұрғын үй нарығы үш жылдық рекорд жаңартты

Тұрғын үй нарығы үш жылдық рекорд жаңартты

2025 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны үш жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл туралы forbes.kz жазды. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір айда 53,1 мың мәміле тіркелген. Бұл қараша айымен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп.

Өңірлер арасында ең жоғары өсім Маңғыстау және Павлодар облыстарында байқалған – бұл аймақтарда мәмілелер саны екі есеге жуық артқан. Ақтөбе облысында көрсеткіш 50 пайызға өскен. Ал Атырау мен Қызылорда облыстарында тұрғын үй нарығындағы белсенділік керісінше, шамамен 25 пайызға төмендеген.

Ең көп мәміле Алматы мен Астанада жасалған – 20,6 мың. Бұл жалпы көлемнің 40 пайызына жуық. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркеліп, мұнда бар болғаны 427 мәміле жасалған.

Жылдық өсім – 6,2 пайыз

2025 жылдың желтоқсаны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға жоғары нәтиже көрсеткен. Ең жоғары жылдық өсім Жетісу облысында тіркеліп, көрсеткіш 30 пайыздан асқан. Жалпы 2025 жылы ел бойынша 448,5 мың мәміле жасалған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға көп.

Жыл қорытындысы бойынша Астана көш бастап тұр – елордада нарық белсенділігі 20 пайыздан астам артқан. Сондай-ақ Жамбыл және Жетісу облыстарында оң динамика сақталған. Ал Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында жылдық көрсеткіш 12 пайыздан астам төмендеген.

Бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары

Көпқабатты үйлердегі пәтерлер нарығында мәмілелер саны үштен бірге артқан. Барлық келісімшарттардың 75 пайызы пәтерлерге тиесілі – 41,1 мың мәміле.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, пәтер сатылымының басым бөлігі Астана (28%), Алматы (20%) және Қарағанды облысына (7,8%) тиесілі. Бөлме саны бойынша ең жоғары сұраныс бір бөлмелі пәтерлерге түскен – желтоқсанда бұл санатта 15,3 мың мәміле рәсімделген.

Жеке тұрғын үйлерге де қызығушылық артқан. Бұл сегментте сатылымдар орта есеппен 30 пайызға өскен. Алайда Павлодар облысында керісінше, 10,4 пайызға төмендеу тіркелген. Ең жоғары өсім Маңғыстау (83,9%), Ақтөбе (76,6%) және Батыс Қазақстан (52,8%) облыстарында байқалған.

Айта кетейік, 2025 жылы жаңа тұрғын үй бағасы орта есеппен 15,7 пайызға өскен. Ең жоғары қымбаттау Алматы, Астана, Павлодар, Қонаев және Ақтөбе қалаларында тіркелген.

Ұқсас материалдар