2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделген. Бұл – жетуге болатын меже. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтты.
"Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді", деді Президент.
«Мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ», деген Президент Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады, деп атап өтті. Сондай-ақ Үкіметтің мүмкіндіктері жеткілікті екенін айтты.
«Қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс», деді Мемлекет басшысы.