Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Заңсыз криптобиржалар мен дропперлердің схемасы әшкере болды

Заңсыз криптобиржалар мен дропперлердің схемасы әшкере болды

Қаржы мониторингі агенттігі көлеңкелі криптовалюта айырбастау алаңдары арқылы жүзеге асатын ақшаны жылыстату тетігін анықтады.

Киберқылмыскерлер мен есірткі саудагерлері кірістерін дропперлердің карталары мен криптоәмияндары арқылы заңдастырып келген. Қазір мұндай 130 платформа бұғатталды. 

Ведомство мәліметінше, тергеп-тексеру нәтижесінде 16,7 млн USDT-ге тыйым салынды.

«Есірткі дүкендерінің» иелері мен киберқылмыскерлер ақшаны банк шоттарына, не криптовалюта түрінде айырбастау қызметін көрсететін әмияндарға аударады.

Одан әрі бұл қаражат конвертацияланып, қаржылық транзакциялар тізбегі арқылы ақшаның шыққан көзі жасырылады. Заңсыз табысты «тазарту» үшін арнайы ақы алынады.

Мұндай операциялар үшін көбіне дропперлердің банк карталары мен әмияндары пайдаланылады.

Осылайша, заңсыз криптоайырбастау платформалары көлеңкелі қаржы операцияларына белсенді қатысып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және шетелге шығару арқылы «кәсіби жылыстатушылар» ретінде әрекет етеді.

«Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарға цифрлық активтерді айырбастау кезінде сенімді және жауапты тәсілмен әрекет ету қажеттігін ескертеді. Айырбас қызметтерін тек заң аясында жұмыс істейтін, ресми тіркелген және лицензияланған провайдерлер арқылы жүзеге асыру ұсынылады», – делінген ҚМА хабарламасында.

Ұқсас материалдар