ЖИ күнделікті міндеттерді орындай алады, бірақ шешімді адам қабылдауы тиіс - Ломтадзе

Digital Bridge 2025 халықаралық цифрлық форумына қатысқан Kaspi.kz басқарма төрағасы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе жасанды интеллект, оның болашақтағы рөлі және Kaspi экожүйесіне интеграциясы туралы айтты.
«Жалпы жасанды интеллектіні қолдану туралы айтатын болсақ, Kaspi бұл бағытта бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бізде көптеген шешімдер бар және оларды әуелі өзімізде сынап көреміз. Өнім әзірлегенде, біз үшін ең бастысы – оның сапалы жұмыс істеуі, өйткені біз өз клиенттеріміз сияқты Kaspi сервистерінің пайдаланушысымыз. Барлық қызмет пен өнім сапалы екеніне көз жеткізген соң ғана оларды клиенттеріміз бен серіктестерімізге ұсынамыз.
Біздің миссиямыз – адамдардың өмірін жақсарту. Сондықтан біз AI-дың болашағы – күнделікті міндеттерді орындауға көмектесетін «ақылды көмекші» деп санаймыз. Бірақ басты шешім қабылдайтын – әрқашан адамның өзі болуы тиіс. Яғни сенім мен технология арасындағы тепе-теңдік сақталуы қажет.
«Ақылды» AI – бұл көмекшінің бейнесі. Сен оның құралдарын қолданған сайын, ол «ақылды» бола түседі. Бұл – AI-ды бұрынғы барлық технологиялардан ерекшелендіретін басты айырмашылық. Kaspi-де виртуалды көмекші 5-6 жылдан бері бар. Бүгінде ол күнделікті міндеттерді орындауға көмектесетін технологияға айналды және пайдаланушыға бейімделген сайын жетіле түседі.
Екінші маңызды нәрсе – сенім. Өйткені AI – көмекші ғана, ол сені алмастырмайды. Сондықтан «сенімге ие ақылды көмекші» – болашақтағы жасанды интеллект дамуының ең негізгі бағыты.
Қазір бұл құралдар күнделікті жұмысты жеңілдету үшін қолданылады. Мысалы, Kaspi электрондық коммерция платформасындағы шағын және орта бизнес үшін ең бастысы – сатылымды ұлғайту. Ол үшін өнімді дұрыс таныстыру, сипаттаманы тартымды ету қажет. Біз тауар сипаттамасын жылы әрі қарапайым қылып жасаймыз және сатып алушы үшін ең маңызды элементтерді ерекше атап көрсетеміз. Бұл шағын және орта бизнеске сатылымды арттыруға көмектеседі. Бұл – жасанды интеллект арқылы шешілетін нақты күнделікті міндет», – деді Ломтадзе.