Биыл Қазақстанда республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың 11 мың шақырымнан астамы түрлі жобалармен қамтылады.
Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Кеңес барысында өткен жол-құрылыс маусымының қорытындысы шығарылып, алдағы жоспарлар талқыланды. 2025 жылы ел бойынша шамамен 13 мың шақырым жолда жұмыс жүргізіліп, оның 6 мың шақырымы толық аяқталған. Соның ішінде 3 мың шақырым республикалық, тағы 3 мың шақырым жергілікті жол желісіне тиесілі.
Жыл қорытындысында нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желіде 94%-ға, жергілікті желіде 91%-ға жеткен. Жол жұмыстарын орындауға 10 мыңнан астам техника мен шамамен 25 мың маман жұмылдырылып, 10 млн тоннадан астам асфальтбетон қоспасы төселген.
Биыл жоспарланған жобалар жаңа жол құрылысы, реконструкция, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын қамтиды. Негізгі бағыттардың қатарында «Орталық – Батыс», «Қарағанды – Жезқазған» және Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар бар.
Сонымен қатар салада цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір жолдарға қатысты деректерді біріктіретін «Е-Жолдар» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленуде. Жүйені пилоттық режимде іске қосу 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған.





