Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин сұйытылған мұнай газы нарығында құрылымдық тапшылық қалыптасқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы нақты тұтыну көлемі 2 млн тоннаны құраса, өндіріс 1,8 млн тонна болған.
Депутат «Газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну туралы» заң жобасын таныстырып, салада бірқатар жүйелі мәселе бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, газбен жылытылатын тұрғын үйлердің бақылаусыз салынуы, автогаз құю станцияларының шамадан тыс көбеюі және өндірушілердің жөндеу жұмыстарының үйлестірілмеуі нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп отыр.
Оның айтуынша, жылыту маусымында сұйытылған газ бағасы бір тоннасына 150–200 мың теңгеден 250–300 мың теңгеге дейін өседі. Бағаның негізсіз қымбаттауын болдырмау үшін тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға арналған газ бағасын реттеу өкілеттігін Табиғи монополияларды реттеу комитетіне беру ұсынылды.
Заң жобасында сондай-ақ автогаз құю станцияларының қауіпсіздігін күшейту көзделген. Қазіргі таңда елде шамамен 3 мың станция бар, олардың 90%-ының сыйымдылықтары жер үстінде орналасқан. 2025 жылы Түркістан мен Атырау облыстарында дәл осындай нысандарда жарылыстар тіркелген.
Қауіпсіздік үшін жаңа станцияларда газ қоймаларын жер астына орналастыру, ал қолданыстағыларын 2031 жылға дейін көшіру ұсынылады.
Заң жобасы газ нарығын реттеуді жетілдіруге, бағаны тұрақтандыруға және халық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.





