Ресейлік миллиардер Әлішер Усманов Еуроодақпен соттаспақшы

Фото: ТАСС

Алматы. 5 мамыр. 7kun.kz — Миллиардер Әлішер Усманов өзінің Еуропалық Одақтың санкциялар тізіміне енгізілуіне сот арқылы қарсы шығуға шешім қабылдады. Ол сот шешіміне дейін өзіне қойылған шектеулерді тоқтата тұруды сұрады, деп хабарлайды 7kun.kz.

Миллиардер Әлішер Усманов Еуропалық Одақтың жеке санкцияларының күшін жою үшін сотқа жүгінді. Бұл Еуропалық Одақтың сот құжаттары базасындағы карточкада тіркелген. Онда Усманов Еуроодақ Кеңесіне 29 сәуірде еуропалық жалпы юрисдикция сотына шағым түсіргені көрсетілген.

Усманов соттан судьяның шешіміне дейін санкцияларды тоқтата тұруды сұрады, деп жазды Bloomberg. Миллиардер өкілі агенттікке түсініктеме беруден бас тартқан. Әлішер Усманов Ресей ауқаттыларының тізімінде 7-орында тұр. Оның қазіргі байлағын Forbes $11,5 млрд деп бағалайды.

Усманов 28 ақпанда Еуроодақтың жеке санкцияларына ұшыраған. Миллиардерлер Алексей Мордашов, Геннадий Тимченко, Михаил Фридман, Петр Авен және Александр Пономаренколар да Усмановпен бір уақытта санкция тізіміне енген. ЕО санкцияларды Украинаға Ресейдің әскери шабуылы басталғаннан төрт күн өткен соң енгізді. Енді ЕО шектеулердің алтыншы пакетін дайындап қойды. Оның аясында ЕО Сбербанк пен тағы екі ресейлік банкті SWIFT қаржылық ақпарат алмасу жүйесінен ажыратуды, сондай-ақ Ресей мұнайын импорттауға кезең-кезеңімен эмбаргоға көшуді ұсынады, деді Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен.