0,2 ставка айлыққа жұмыс істеп жүрген пошташылар бар - «Қазпошта» басшысы
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Пошта туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ауылдағы пошташылардың айлығы төмен екенін мәселе көтерді.
Депутат әсіресе шалғай ауылдардағы пошташылардың айлығы өте төмен екенін айтып, кешіктірмей көтерудің жолын табу керек деген пікір айтты.
Әсел Жанасова ауылдағы пошта қызметкерлерінің айлығы өсу үшін тұрғындар пошта арқылы сәлемдемелерді барынша көп жолдап, қабылдауы керек екенін айтты.
– Иә, шыны керек, біздің ауылдағы операторларымыз, пошташыларымыз аз алады. Неге десеңіз, бұл ауылға сәлемдемелер мен хаттың аз келуіне байланысты. Яғни, соған байланысты 0,2 немесе 0,5 ставкамен жұмыс істейді. 0,7 ставкамен де жұмыс істейтіндер бар. Ол енді ауыл тұрғындарына байланысты, – деді ол.
«Қазпошта» басшысы кейінгі екі жылда пошташылардың айлығы 35 пайыз өскенін айтады.
– 2023 жылы пошта қызметкерлерінің айлығын 25 пайызға көтердік. Биыл тағы 15 пайызға көтердік. Жыл сайын барлық «Қазпошта» қызметкерлеріне 3 рет сыйақы береміз. Оның өзі біз үшін үлкен қаражатты қажет етеді. Яғни, ауылдарға жолданатын сәлемдемелердің көбеюіне байланысты айлықты да көтере аламыз, – деді Әсел Жанасова.