1 млрд доллар: Газаны реттеу жөніндегі кеңес жарнасының көлемі белгіленді
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Газаны реттеу үшін құрылатын Бейбітшілік кеңесіне үш жылдан ұзақ мерзімге мүше болғысы келетін елдерден 1 млрд доллар көлемінде жарна төлеуді ұсынып отыр.
Агенттіктің қолына түскен ұйым жарғысының жобасында:
«Әрбір мүше мемлекет осы жарғы күшіне енген сәттен бастап үш жылдан аспайтын мерзімге кіре алады, бұл мерзімді төрағаның шешімімен ұзартуға болады. Алайда жарғы күшіне енген алғашқы жылдың ішінде Бейбітшілік кеңесіне қолма-қол 1 млрд доллардан астам қаржы аударған мемлекеттерге үш жылдық мүшелік мерзімі қолданылмайды», – деп көрсетілген.
Жарғы жобасына сәйкес, АҚШ президенті топтың алғашқы төрағасы болады және ұйымға кімдерді мүше ретінде қабылдау керегін өзі шешеді.
«Шешімдер көпшілік дауыспен қабылданады, әрбір қатысушы мемлекет бір дауысқа ие болады, алайда барлық шешімдер төрағаның мақұлдауынан өтуі тиіс», – деп жазады агенттік.
Сонымен қатар, құжатта кеңес «қақтығыстан зардап шеккен немесе қақтығыс қаупі бар аймақтарда тұрақтылыққа жәрдемдесуге, сенімді әрі заңды басқаруды қалпына келтіруге және ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылатын халықаралық ұйым» ретінде сипатталады.
Bloomberg атап өткендей, «сыншылар Трамптың БҰҰ-ға балама немесе бәсекелес құрылым жасамақ болып отырғанынан қауіптенеді».
Бұған дейін Трамп Газаны реттеу жөніндегі Бейбітшілік кеңесін құру туралы хабарлаған болатын. Ақ үйдің сенбі күнгі мәліметіне сәйкес, кеңес құрамына АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф, АҚШ президентінің күйеу баласы, инвестор Джаред Кушнер, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр, Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга және АҚШ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшінің орынбасары Роберт Гэбриел кірген.





