Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

2 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті

2 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті

  Қазақстанда 2 миллион гектардан астам пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне мерзімінен бұрын қайтарылды.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қайтарылған жерлердің 704,7 мың гектары халыққа берілді. Оның ішінде 176,6 мың гектары – қоғамдық жайылым, ал 528,1 мың гектары – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне конкурс арқылы бөлінген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жер ресурстарын тиімді пайдалану – ел дамуы мен азаматтардың әл-ауқатының негізгі факторы екенін атап өткен болатын.

«Жер – елдің дамуы мен азаматтардың әл-ауқаты үшін қызмет етуі тиіс стратегиялық ресурс. Мен пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтарып, оларды қайта бөлу жөнінде ауқымды жұмысты бастадым. Жер иесіз қалмауы керек, оны тек оның қадірін білетіндерге беру қажет», – деді Президент.

Министрліктің мәліметінше, бұл тапсырма аясында 2025 жылға жоспарланған жұмыс мерзімінен бұрын орындалды. Жерлерді қайтару процесі республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде жүйелі түрде жүргізілген.

Бақылау мақсатында Жерді қайта бөлу жөніндегі республикалық комиссия және облыстық ведомствоаралық жұмыс топтары құрылған. Бір жыл ішінде республикалық комиссияның 3, ал өңірлік топтардың 42 отырысы өтіп, тексеру қорытындылары мен алдағы шаралар талқыланған.

Жалпы тексеру 2,2 млн гектар жерді қамтыды. Оның ішінде:

1,8 млн гектар бойынша 1 286 ұйғарым берілді;

281,4 мың гектарға қатысты сот процестері жалғасып жатыр;

Бұрын пайдаланылмаған 464,7 мың гектар жер жер пайдаланушылардың өз бетінше игеруіне берілді.

Сонымен қатар, «Жер аманаты» комиссиясы мен «AMANAT» партиясы процестің ашықтығын және қоғамның қатысуын қамтамасыз етті.

Министрліктің хабарлауынша, жоспардың мерзімінен бұрын орындалуы жер ресурстарымен жұмыс істеудің тиімділігін және ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін бергенін көрсетеді.

Ұқсас материалдар