Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

2025 жылы 96,2 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндіру жоспарлануда – Министр

2025 жылы  96,2 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндіру жоспарлануда – Министр

ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында экономиканың нақты секторындағы энергетика министрлігінің жобалары туралы баяндады. 

2025 жылға мұнай және газ конденсатын өндіру жоспары 96,2 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,7 өседі деп күтілуде.

«Негізгі өсім 2025 жылдың 2 тоқсанында іске қосылуы жоспарланған Теңіз кен орнын келешекте кеңейту жобасын іске асыру есебінен жоспарланып отыр. Биылғы жылы инвестиция шамамен 533 миллион долларды құрайды. Қарашығанақта 6 шикі газды қайта айдау компрессорын іске қосу бойынша жұмыс жалғасып жатыр, бұл өндіру сөресін жылына 11-12 млн тонна деңгейінде ұстауды қамтамасыз етеді. 2025 жылы инвестиция көлемі шамамен 144 миллион долларды құрайды», деді министр.

Сонымен қатар ол «Қаламқас теңіз» және «Хазар» жобалары шеңберінде жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді. 2025 жылы FEED жобалауын аяқтау, EPC бойынша тендерлер өткізу және жоба бойынша түпкілікті инвестициялық шешімді қабылдау жоспарлануда. Мұнай өндіру көлемі шарықтау шегінде 4 миллион тоннаға дейін жетеді. Биылғы жылы инвестиция көлемі 40 миллион доллардан асады.

«2025 жылға арналған мұнай өңдеу жоспары 17,6 млн тонна, мұнай өнімдерін өндіру көлемі 14,6 млн тоннаны құрайды. Ағымдағы жылғы 2 тоқсанда «Caspi Bitum» өндірісін жылына 500-ден 750 мың тоннаға дейін кеңейту жобасын аяқтау жоспарланып отыр, бұл битум зауыттарының қуатын жылына 1,2-ден 1,45 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы жылы инвестициялар 21 млрд теңгеден астамды құрайды», деді ол.

Ведомство басшысының сөзінше 2025 жылы 62,8 млрд м3 газ өндіру жоспарлануда, өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға өсу күтіледі. Меншікті газ ресурстық базасын кеңейту мақсатында қазіргі уақытта Қашағанда қуаты 1 млрд м3 және 2,5  млрд м3 болатын ірі газ өңдеу зауыттарын, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты 0,9 млрд м3 газ өңдеу зауытын іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Инвестициялар 2025 жылы 100 миллиард теңгеден асады. Сонымен қатар ағымдағы жылы шамамен 1,5 млрд м3 алынатын шикі газ қоры бар Барханная кен орнын іске қосу жоспарланып отырғанын алға тартып, биылғы жылы халықты газдандыру деңгейін 62,6 пайызға жеткізу мақсатында жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

«2025 жылы республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 45 жобаны жалғастыру үшін 65,9 млрд теңге бөліну мақұлданды. Атырау облысындағы «Финская-120» АГТС және «Редут – Финская-120 АГТС» магистральдық газ құбыры-бұру құрылысы» нысанының құрылысын аяқтау күтілуде. Жобаны іске асыру Атырау қаласының оң жақ жағалауының тұрғындарын, сондай-ақ өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарын үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жоба аяқталғаннан кейін Жетісу облысының 66 елдімекені немесе 124 мың адам табиғи газбен қамтамассыз етіледі», деді Алмасадам Сәтқалиев.  

2025 жылдың сәуір айында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысын бастау жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру орталық және оңтүстік өңірлерді газбен қамтамассыз етіп, солтүстік өңірлерді газдандыруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы шамамен 166 МВт дәстүрлі генераторды іске қосу жоспарланып отыр, оның ішінде Топар ГРЭС-індегі қуаты 130 МВт №3 турбогенераторды іске қосу, «Текелі энергетикалық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігің жалпы қуаты 36 МВт екі газтурбиналық қондырғысын енгізу.

Сондай-ақ жалпы қуаты 455,5 МВт жаңартылатын энергия көздері бойынша 9 жобаны, оның ішінде 5 жел электр станциясын, 2 су электр станциясын, 2 күн электр станциясын іске қосу жоспарлануда. Жоғарыда аталған жобаларға инвестиция көлемі биылғы жылы 180 миллиард теңгеден асады.

Ұқсас материалдар