2030 жылға қарай мұнай өндіруге салынатын инвестиция шамамен 21 млрд долларды құрауы мүмкін.
Қазақстан 2026 жылдан бастап 100 млн тоннадан астам мұнай өндіруді жоспарлап отыр.
«Болжамдарға сәйкес, 2026 жылдан бастап ірі жобаларды жүзеге асыру есебінен жылдық мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады деп күтілуде. Теңізшевройл мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға арттыруды қамтамасыз ететін Келешек кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Қарашығанақта бесінші компрессордағы жұмыстар аяқталды, шикі газды қайта айдау үшін алтыншы компрессорды іске қосу жұмыстары жүргізілуде, бұл мұнай өндіруін жылына 11-12 млн тонна деңгейінде сақталуын қамтамасыз етеді», – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Бұл ретте кен орнында қуаттылығы 4 млрд текше метр газды өңдейтін зауытты салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аяқталу мерзімі – 2028 жылдың соңы.
«Қашағанда 2026 жылдан бастап мұнай өндіруді 1 млн тоннаға арттыруды көздейтін қуаты жылына 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 2029 жылы қуаты жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу арқылы мұнай өндіруді 2 млн тоннаға арттыруды қамтамасыз ету күтілуде. Жалпы алғанда, үш ірі жобадағы мұнай өндіру республикадағы барлық мұнай өндірудің 70% құрайды, оған шамамен 17 млрд долларға инвестиция салынады. 2029 жылға қарай алғашқы мұнай өндіруді 4 млн тоннаға дейінгі ең жоғары өндіру көлемімен Қаламқас-Хазар кен орны қамтамасыз етеді», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Ведомство басшысының айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыруға 6,6 млрд долларға инвестиция салынады. 2030 жылға қарай мұнай өндіруге салынатын инвестиция ірі кен орындарына шамамен 21 млрд долларды құрауы мүмкін.