Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

26 қаңтардан бастап тағы бір жол ақылы болады

26 қаңтардан бастап тағы бір жол ақылы болады

Қазақстан Республикасы Көлік Министрлігінің 2025 жылғы 9-қаңтардағы №6 бұйрығына сәйкес, Қызылорда мен Арал қалаларын байланыстыратын автожол автобус пен жүк көліктері үшін ақылы болады.

Дәлірек айтқанда, ІІ техникалық санаттағы ұзындығы 454 шақырым жол учаскесі ақы алу жүйесіне 2025 жылғы 26 қаңтардан бастап іске қосылады.

Республикалық маңызы бар «РФ шекарасы (Самара) – Шымкент» автожолының «Қызылорда-Арал» учаскесінде 6 бақылау арка және клиенттермен жұмыс істейтін орталық бар. Аркаларда орнатылған камералар ақылы учаскелерде автомобильдердің қозғалысын, олардың жылдамдығы мен қарқындылығын, жолдағы жағдайды және т. б. тіркейді. 

Автожолда төлем бекеттері болмайды, оның орнына ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Шлагбаумдар мен өткізу пункттері қойылмағандықтан кептелістер болмайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, сапар уақытын қысқартады.

Жол жүру төлемі қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Пайдаланушылардың қолайлығы үшін төлем жасаудың 10-ға жуық әдісі бар: интернет-банкингтер, төлем терминалдары мен электрондық әмияндар, ұялы телефон балансынан, Е100 жанармай картасы арқылы, және заңды тұлғалармен келісім шарт жасау. Алдын-ала төлем әлдеқайда арзан болғандықтан, төлемақыны уақтылы жасауға кеңес береміз.

Бір бағыттағы (454 шақырым) төлем мөлшері:

16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 т. дейін жүк автомобильдері үшін алдын-ала төлем – 2840 теңге, кейінгі төлем – 3330 теңге;

32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 т. дейін жүк автомобильдері үшін алдын-ала төлем – 5750 теңге, кейінгі төлем – 6740 теңге;

32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 т. дейін автопоездар үшін алдын-ала төлем – 8570 теңге, кейінгі төлем – 10 100 теңге;

жүк көтергіштігі 10 т. жоғары және 15 т. дейінгі жүк автомобильдері үшін алдын-ала төлем – 11 470 теңге, кейінгі төлем – 13 470 теңге;

– жүк көтергіштігі 15 т. жоғары жүк автомобильдері, оның ішінде тіркелгіш және ершікті тартқыштар үшін алдын-ала төлем – 14 290 теңге, кейінгі төлем – 16 830 теңге.

Айта кету керек, жеңіл көлік иелері Қызылорда-Арал жолын тегін пайдаланады. Жергілікті тұрғындар үшін бір айлық және бір жылдық абонементтер қарастырылған.

Жиналған қаражат жолдың өзін-өзі қаржыландыруын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізеді. Жол қызметтері учаскені тәулік бойы патрульдеуді жүзеге асырады және жол жабынының, жарықтандырудың, жол белгілерінің ақауларын жедел жөндейтін болады.

Сонымен қатар, жол мен жол инфрақұрылымын қоқыстан және қардан тазартады, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйелерін белсенді түрде енгізеді.

Ұқсас материалдар