Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

4500 педиатор дәрігер Алматыда бас қосты

4500 педиатор дәрігер Алматыда бас қосты

Қазақстандық және шетелдік 4500-ден аса балалар дәрігері Алматыға жиналды. Олар «Педиатрия және балалар хирургиясының жетістіктері мен даму болашағы» атты ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАР ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ Х СЪЕЗІ және «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясының сын-тегеуріндері мен даму болашағы» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында бас қосты,  деп хабарлады «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» баспасөз қызметі.

Олардың қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұйымдастыруымен өткен Қазақстан балалар дәрігерлерінің Х съезіне Италия, Польша, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікістан, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь және т.б. алыс және жақын шетелдерден педиатрия және балалар хирургиясы саласының жетекші ғалымдары мен сарапшылары,  сонымен қатар еліміздің әр өңірінен түрлі бейіндегі педиатрлар мен балалар хирург-дәрігерлері бар.   

Басқосу ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің өкілі, клиникалық блок бойынша проректоры Светлана Сұлтанғазиеваның және Педиатрия және балалар хирургиясы  ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайыновтың алғы құттықтау сөзімен ашылды.

 «Бүгін Қазақстан балалар дәрігерлерінің алғашқы съезінің өткеніне – 50 жыл. 1974 жылы алғашқы балалар дәрігерлерінің бірінші съезі өтті. Бүгінгі таңда осы аталған сәттен естелік ретінде тек қана фотосурет сақталған, бірақ съездің рухы, оның қағидаттары мен міндеттері өзгеріссіз қалды. Бүгін бұл залға жиналған барлық дәрігерлерді бір мақсат біріктіреді – ол еліміздің ең кішкентай азаматтарының денсаулығын сақтау мен  жақсарту, өйткені еліміздің болашағы біздің балаларымыздың денсаулығына байланысты. Бүгінгі мерейтойлық шара 500-ден астам балалар дәрігерлерінің басын қосты,  тағы 3000-нан астам дәрігер бізді бүгін онлайн тыңдап отыр. Залда өз жұмысының нәтижелерімен бөлісуге дайын шетелдік әріптестерімізді де көру ерекше қуантады. Педиатриялық қызметтің болашағы тұрғысынан аға буын әріптестерінен білім алып, тәжірибе жинайтын және өз тәжірибелерін жетілдіретін көптеген жас мамандар жігерлендіреді. Съезд қорытындысы бойынша қабылданған қарар еліміздің педиатриялық қызметін одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деп сенемін!», деп атап өтті алғы сөзінде Педиатрия және балалар хирургиясы  ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайынов.

Өзінің құттықтау сөзінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау министрлігінің балаларға медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамаларын атап өтті.

«Ана мен бала денсаулығын қорғау мемлекет пен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Елдің болашағы — жас ұрпақтың денсаулығына байланысты. Соңғы 10 жылда елімізде балалар өлім-жітім көрсеткіші азайып келеді.  Дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есеге артты. Бұл еліміздегі 5000-нан аса педиатр дәрігерлерінің күнделікті жанкешті еңбектерінің нәтижесі, сондай-ақ, тиімді перинаталдық технологияларды енгізудің, ДДҰ ұсынған қауіпсіз ана болу қағидаттарының, неонатальды реанимацияны дамытудың, аз инвазивті технологияларды енгізудің, жоғары технологиялық медициналық көмектің және балалар кардиохирургиясы мен балалар нейрохирургиялық көмегін дамытудың арқасында мүмкін болды», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова.

Еліміздің және шет елдің балалар дәрігерлерінің басын қосқан съездің  беделді алаңында балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балалар хирургиясындағы өзекті мәселелері, педиатрия және балалар хирургиясын дамытудың ғылыми және практикалық аспектілері,  педиатриялық кадрларды даярлау мәселесі, балалардағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары, сирек кездесетін ауруларды ерте диагностикалау, емдеу, оңалту, асқынулардың алдын алу және тіркеу мәселелері және т.б. педиатрия және хирургия саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, ғылыми жобалар ұсынылды және практикадағы ерекше клиникалық жағдайлар ортаға салынды.

12 ғылыми сессияда барлығы 121-ден астам баяндамалар тыңдалды. Баяндамалардың тақырыптар ауқымы кең. Балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру аспектілері мен алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек деңгейінде балаларға медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мәселелерінен бастап, балалардағы ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістеріне дейін қамтиды.

Съезд аясында докторанттарға, магистранттар мен  резиденттерге арналған «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясының сын-тегеуріндері мен даму болашағы» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда жас дәрігерлердің рөлін арттыру мақсатында конференцияда еліміздің және шет елдердің ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарында резидентурада, магистратурада және PhD докторантурада оқитын жас ғалымдардың жарияланымдары, ауызша және постерлік баяндамалары ұсынылды. Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Ғылыми конференцияға ұсынылған баяндамалар үш аталым бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды. Айта кету керек, биыл отандық педиатрияның корифейлері:  академик Әукен Машкеев пен балалар онкогематология қызметінің негізін қалаушы Күлән Омарқызы атындағы арнайы сыйлық тағайындалды.

Шара аясында «Педиатриялық тәжірибедегі капсулалық эндоскопия», «Лейкемияны диагностикалаудағы MRD PCR real time рөлі. Зерттеу нәтижелерін түсіндіру» және «Балалар мен жас ересектердегі гематологиялық аурулардың морфологиялық диагностикасы» атты шеберлік сабақтары, «Қысқа ішек синдромы, терапия және динамикалық бақылау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстелі өтті. 

Ұқсас материалдар