Франциядағы президент сайлауында Эммануэль Макронның жеңіске жетуін жұрттың көбі орта оңшылдардың триумфы деп қабылдады, себебі ол басы дау-дамайға қалған консерватор кандидат Франсуа Фийонның дауыстарын алып кетті.
Бірақ бұл сайлаудың динамикасы Макрон жеңісінің мәнін ашып бере алмайды. Дұрысы – Макрон дәстүрлі партиялық бөлшектенуден биік шығып, дұрыс менеджмент пен жаңа технологияны пайдаланған жағдайда еуропалық интеграция мен жаһандану жалпы гүлденуге алып келеді деп сенетін халықтың кандидатына айналды. Ал, Макронның қарсыластарының көбі экономиканың қазіргі ахуалын айтып жұртты шошытты.
Франциядағы президент сайлауының бірінші кезеңі бойынша мына статистикаға назар аударыңыз: Макронды жақтағандардың 42 пайызы мұның алдында Социалистік партияны қолдаған, ал 36 пайызының орташылдарға бүйрегі бұрған. Бұл мәліметтен байқағанымыз – Макронның басты жақтастары – солшылдар мен орташылдар болған, олар оны орташыл-оңшыл емес, орташыл-солшыл кандидат деп таныған.
Иә, шынымен, Макрон заманауи, жаһандануды қолдайтын орташыл солшыл топтың ортасынан шыққан. Соңғы кездері ол Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд үкіметінің мүшесі болған, ал карьерасының бас кезінде социалист премьер Мишель Рокард оның ұстазы болған. Макрон саяси өткенінен толық қол үзіп шықпағанымен, ол дәстүрлі партиялық және саяси бірегейлік кедергілерін бұзып өтіп, әсіреоңшылдар мен әсіресолшылдардан басқа саяси спектрдың барлық бөлігіндегі сайлаушыларға сөзін өткізе алды.
Қалай болған күнде де Макронды дәстүрлі саяси архетиптің қалыбына сыйғызу әрекеттерінің көбі Еуропаның және әлемнің саясаты жаңа аргументтерге, жаңа түсіндірмелер мен жікшілдікке жауап беру үшін қайта түлеуі керектігін ұғындырады.
Сайлау өте сала Макрон құрған үкімет тек гендерлік тұрғыдан ғана емес, саяси тәжірибе мен партияға қатыстылық тұрғысынан да әркелкі болып шықты. Макронның үкіметінде орташылдар, солшылдар, оңшылдар, соның ішінде социалистер мен жасылдар бар. Бірақ оның орташыл-оңшыл республикашылдар Бруно Ле Мейр мен Геральд Дарманинді тағайындауы – бәрінен де маңызды, себебі сайлау статистикасы көрсеткеніндей, Макрон оңшыл сайлаушыларға бәрінен аз көңіл бөлген.
Оның үстіне Республикалық партия өкілі Эдуард Филипті премьер-министр етіп тағайындау арқылы ол Франциядағы саясатты трансформациялауға мықтап кіріскенін дәлелдеді. Оның үкіметі бірінші күннен бастап-ақ саяси спектрді толықтай қамтыды. Осындай әркелкі саяси өкілдіктің арқасында ол осы айда болатын Ұлттық жиналыс сайлауындағы өзінің La République En Marche! партиясының ұстанымын күшейтіп алды. Мығым саясат жүргізген сайын оның сайлау кезінде берген уәделерін орындау мүмкіндігі арта түседі.
Ғалам экономикасының қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінетін әлеуметшіл-либерал саясаткер ретінде Макрон әлемнің бүкіл прогрессивті халқы іздеген адамға айналуы мүмкін. Бұл үшін ол ең әлжуаз топтарды ХХІ ғасырдың экономикасына тән толқулар кезінде болатын жедел өзгерістер мен кенеттен болатын үзілістерден қорғайтын әлеуметтік келісім-шарт жасасуы керек. Бұл – шынымен өте ауыр сын. Егер мұны орындай алса, ол реформашылардың бұрыннан келе жатқан «модернизм» идеясын жүзеге асырған болар еді.
Францияның ХХІ ғасырдағы жаңа әлеуметтік келісім-шарты үш негізге сүйенуі керек. Әлеуметтік қауіпсіздікті жақсылап қамтамасыз етудің арқасында еңбек нарығы икемдірек бола түседі, ал экономикада динамика пайда болады. Мәселен, қазіргі заманға тән құбылыс – жұмысшылардың мобильділігіне бейімделе алатын болса, онда Францияның қазіргі жүйесі әлдеқайда тиімдірек бола түсер еді. Франция азаматтарының барлығы бұрынғыдан әлдеқайда мобильді әлеуметтік қорғау жүйесінің шапағатын көрер еді. Жаңа жұмыс іздеп, оқуға түсуді көздесе де, қайта даярлықтан өтуді қаласа да, әлеуметтік қорғау жүйесі өмір бойы оларды қай жерде болса да қамқорлыққа алар еді.
Екінші негіз – технологияның таралуын және инновацияны жетілдіретін, кәсіпкерлікке ынталандыратын, соның арқасында жаңа бастағандар барлық салаларда бұрыннан жұмыс істеп жатқан фирмалармен бәсекеге түсе алатын өнеркәсіп жүйесі. Және ең бастысы – кез келген жаңа әлеуметтік келісім-шарт экономикалық ашықтық, Еуропалық интеграция және жаһандану принциптеріне қатаң бағынуы тиіс.
Сайлаудың бірінші кезеңінде, саяси алаңда әлі басқа кандидаттар толып жүргенде Макронға дауыс бергендер осы үш негіз өзара қиюласып қана қоймай, бірін-бірі күшейтеді деген ойға иланған. Солшыл кандидаттар бұрынғы дәстүрі бойынша тек әлеуметтік ниеттестікке мән беріп, кей кездері тіпті Еуропалық интеграцияға қарсылық білдірсе, Макрон әлеуметтік әділдік, даму және ашықтық принциптері үшін бір мезетте күресті. Ортадағы оңшылдарға ол әлеуметтік саясат реформаланған соң Францияда нарықтың икемділігі артып, инновацияға көп жол ашылады деп уәде берді.
Жаңа әлеуметтік келісім-шартты әзірлеу арқылы Макрон Францияның саяси картасын қайта сызып шығар еді. Қазіргі уақытта Франция екі еселенген консерватизмге тұсалып тұр. Оңшыл консерваторлар бәсекені арттыру үшін әлеуметтік саясатты босаңсыту керек десе, сол жақтағы «консерваторлар» қазіргі жүйені реформалау мүмкін емес деп санайды. Макронның тұсында әлеуметтік саясат пен либерализмнің қосындысына негізделген жаңа прогрессивті саяси жүйе біртіндеп қалыптасуы ықтимал.
Бұған қоса, Макрон қорғаныс саласында Еуропамен көп ойнай қоймас. Ол Еуропаның жобаларының барлығын толық қолдайтынын айтты, Франция халқының басым бөлігі оның бұл ойын қолдайтын сияқты. Сайлаудағы басқа қарсыластарынан айырмашылығы – Макрон Еуропаны проблемалар одағы емес, түрлі шешімдер одағы деп түсінеді.
Макрон президенттігі сәтті болса, онда бұл - Еуроодақтың тартымдылығын, тәуекелдерді бөлісу дәстүрін, әлемдегі қарым-қатынасқа үлкен ықпалын Еуропаны адамзат дәуірлеуінің қозғаушы күшіне айналдыру жолындағы алға қарай жасалған қадам болмақ. Бұл – Францияға да, оның президентіне де жарасатын рөл.
Авторлар туралы:
Кемал Дервиш – Түркияның бұрынғы Экономика істері министрі, БҰҰ Даму бағдарламаласының бұрынғы әкімшісі, Brookings Institution-ның вице-президенті.
Кэролин Конрой Brookings Institution институтының зерттеушісі.