Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

8 облысқа су тасқыны қаупі төніп тұр – Ерлан Нысанбаев

8 облысқа су тасқыны қаупі төніп тұр – Ерлан Нысанбаев

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мемлекеттік органдарға тасқынға дайындықты күшейтуді тапсырды.

«Су тасқыны кезеңінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер», – деді ол.

Үкімет басшыы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды екеніне де тоқталды.

«Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастырсын», – деді Олжас Бектенов.

Осыған дейін су тасқынының салдарын жою үшін 10 000-ға жуық әскери қызметші жұмылдырылуы мүмкін екені айтылды.

Бұдан кейін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев тасқын қаупі жоғары аймақтарды атады.

«11 наурыздағы жағдай бойынша ел аумағының 71 проценті қар жамылған, бұл өткен аптамен салыстырғанда 15 %-ке аз. Еліміздің оңтүстігінде Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысындағы Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр. Наурыз айында температураның көтерілуі мен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын болған жағдайда тау өзендерінде еріген қар суының әсерінен жоғары тасқын жүруі мүмкін», – деді министр.

Оның айтуынша, орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар мөлшері көп. «Наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түсуі күтіледі. Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндікте ғана түсіп үлгерді.

 Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады деп күтілуде, сондай-ақ еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді», – деді Е.Нысанбаев.

Министрдің сөзінше, тасқын қауіпі жоғары аймақтар мыналар: Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары.

Қауіптілігі орташа аймақтар: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.

Қауіптілігі төмен аймақтар: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.

Ұқсас материалдар