Ақтөбе облысы прокуратурасы интернет кеңістігін мониторингтеу барысында криптооперациялар арқылы ақшаны жылыстатудың күмәнді схемаларын анықтады.
Соның негізінде қылмыстық қудалау органына тиісті нұсқау берілген. Прокуратураның үйлестіруімен облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 150-ден астам дропперді қолма-қол ақшаға айналдыруға тартқан қылмыстық топты әшкереледі.
Ведомство мәліметінше, аталған тұлғалар өздерінің банк карталарына түскен қаражатты ATAIX криптобиржасы арқылы криптоәмияндарға аударып отырған. Ал қаражатты конвертациялау және шығару үшін қылмыстық топ өз бақылауындағы айырбастау пунктін пайдаланған.
Цифрлық активтерді өткізу бойынша жалпы айналым 3,5 млрд теңгеден асқан. Тінту барысында 46 ұялы телефон, 92 банк картасы және 25 463 USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді. Ұйымдастырушылар мен дропповодтарды қоса алғанда алты күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Іс облыс прокурорының бақылауында.
Айта кетейік, өткен жылдан бастап өңірде алаяқтықтың алдын алу мақсатында «Ақтөбе – алаяқтықсыз аймақ» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша ауқымды ақпараттық науқан жүргізіліп, 420 мыңнан астам абонентке SMS-хабарламалар жолданған.
Сонымен қатар Қазақтелеком қолдауымен кабельдік телевидение арқылы профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, шамамен 70 мың үй қамтылған. Бұдан бөлек, алаяқтардың қоңырауларын бұғаттауға бағытталған Call-орталық жұмыс істеп, қазірдің өзінде 6 мыңға жуық қоңырау тіркелген. Киберполиция 4 мыңнан астам күмәнді сайтты бұғаттаған.





