Алматы қаласы 2029 жылғы қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді.
Тиісті құжатқа Италияның Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойды.
Ресми рәсімге Азия Олимпиадалық кеңесінің басшылығы, Азия елдері ҰОК өкілдері, халықаралық спорт ұйымдарының мүшелері және Милан–Кортина 2026 қысқы Олимпиадасына байланысты іс-шараларға қатысып жүрген ресми тұлғалар қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматыда қажетті спорттық және қалалық инфрақұрылым толық қалыптасқан. Бұл қосымша ірі құрылыссыз-ақ халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы нысандарды тиімді пайдалану және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы тәжірибе Ойындарды жоғары деңгейде өткізуге негіз болмақ.
Геннадий Головкиннің айтуынша, қысқы Азия ойындарының Алматыда өтуі қысқы олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына серпін береді әрі Қазақстанның халықаралық турнирлерді қабылдауға дайын екенін көрсетеді.
Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де ірі мультиспорттық жарыстарды сәтті өткізген. 2011 жылы қысқы Азия ойындары, ал 2017 жылы Алматыда Дүниежүзілік қысқы Универсиада ұйымдастырылған.
Бұған дейін 2029 жылғы Азия ойындарын өткізу құқығы Сауд Арабиясына берілген еді. Алайда қабылдаушы тарап инфрақұрылымдық талаптарға байланысты жарысты кейінге шегеру қажеттігін мәлімдеген.





