2030 жылға қарай Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша дайын өнім экспортын 1,5 млрд АҚШ долларына ұлғайту жоспарланып отыр.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі ұйымдастырған өңірдің экспорттық әлеуетіне арналған дөңгелек үстелде айтылды.
Жиынға министр Арман Шаққалиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласының сыртқы сауда айналымы 33,6 млрд долларға жетіп, 5,2%-ға өсті. Экспорт көлемі 6 млрд долларды құрады. Ал Алматы облысында тауар айналымы 15,6%-ға өсіп, 4,2 млрд долларға жетсе, экспорт 28%-ға артып, 1,1 млрд доллардан асты. Негізгі өсім дайын өнім өндірісінің артуымен байланысты.
Министрдің айтуынша, қызмет көрсету саласының экспорты да қосымша серпін беріп отыр. Алматы іскерлік және ІТ-қызметтер экспортында көш бастап келеді, оның көлемі 300 млн доллардан асады. Сонымен қатар электронды сауда да экспорттық белсенділікті арттырып отыр: Қазақстандағы онлайн-сатылымның жартысынан астамы Алматының үлесіне тиесілі.
Министрлік мәліметінше, өңірдің экспорттық әлеуеті азық-түлік өнеркәсібі, химия, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдары өндірісі және ІТ секторында шоғырланған. Стратегиялық мақсат – Алматы агломерациясын Орталық Азиядағы жетекші шикізаттық емес экспорт хабына айналдыру.





