Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мердігер ұйымдарға аванстық төлем беруді тоқтату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Бұдан былай келісімшарт бойынша төлем тек нақты орындалған жұмыстың нәтижесі бойынша беріледі.
Алматы әкімінің айтуынша, жұмыс сапары мен күрделі нысандарды тексеру барысында бірқатар компанияның конкурста жеңіске жетіп, аванс алып, өзіне жүктелген жұмыстың барлығын қосалқы мердігер ұйымдарға толықтай беріп отырғаны анықталған. Бұл ретте олар жобаларды жүзеге асыруға іс жүзінде қатыспайды.
«Жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап көптеген компанияның конкурсқа қатысып, аванс алып, кейін жұмысты 100% қосалқы мердігерлерге тапсыратынын көрдім. Өздері басқа өңірлерде болып, нысанға іс жүзінде келмейді», – деді Дархан Сатыбалды.
Әкім қазіргі уақытта конкурстардың жеңімпазы Қаржы министрлігінің порталында қолданылатын рейтингтік-балдық жүйе арқылы айқындалатынын еске салды. Бұл жүйеде жеңімпаз автоматты түрде анықталады, онда адами фактор жоқ.
«Компаниялар конкурстарда 30 пайыздық аванс қарастырылғанын көріп, шын мәнінде тек сол қаражат үшін ғана қатысады. Соның кесірінен жобаларды жүзеге асыру мерзімі созылып кетеді, ал тапсырыс беруші компания құрылтайшыларын басқа қалалардан іздеуге мәжбүр болады», – деді қала басшысы.
Осыған байланысты Алматы әкімдігі аванстық төлемнен бас тарту туралы шешім қабылдады.
«Мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін біз нақты шешім қабылдадық. Әуелі жұмыс орындалады, содан кейін ғана төлем жасалады. Аванссыз», – деді Алматы әкімі.





