Алматы облысында Техникалық реттеу және метрология комитетінің қызметін тексеру ұсынылды
Кеңес кәсіпкерлердің шағымынан кейін Техникалық реттеу және метрология комитеті Алматы облыстық департаментінің қызметін тексеру ұсынылды. Бұл туралы Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлайды.
ӨКП Алматы облысы кәсіпкерлерінің құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысына ӨКП Аймақтық кеңесінің мүшелері, бизнесмендер, Алматы облысы әкімінің орынбасары, облыс прокурорының орынбасары, мемлекеттік кірістер департаментінің, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі департаментінің, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп басқармасыны өкілдері бар.
ӨКП-нің құқықтық бөлімі осы жылдың алғашқы тоқсанында 177 өтініш қабылдап, оның 83-і қаралғаны белгілі болды. 46 іс оң шешімін тапқан. 424 млн теңге көлемінде кәсіпкерлер құқығы қорғалған. Палата директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Қанат Қабдиев бұл соманың соңғы екі жылда қорғалған қаражат мөлшерінен артық екенін мәлімдеді.
«Палата сарапшыларының қатысуымен сотта 13 істі кәсіпкерлер пайдасына шештік. Екі жыл ішінде 15 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, екі заңсыз тексеру алынып тасталынды. Тәртіптік жауапкершілікке 4 лауазымды тұлға тартылды. 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін Алматы облысының ӨКП-сі 50 әкімшілік кедергіні анықтады. Оның ішінде 19-ы республикалық, 39-ы жергілікті жерде. Соның 33-і жойылды», - деп атап өтті Қабдиев.
Отырыста Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті (ТРМКД) тарапынан жүргізілген заңсыз тексерулер сөз болды. Шағымдардан соң департамент басшысы Қайрат Тастемірге сөгіс жарияланып, толық емес қызметтік сәйкес келмеуi туралы ескерту жасалынғаны анықталды.
«Алайда қолданылған шараларға қарамастан, 2016 жылдың бірінші тоқсанында таңдалынған тексерулер қатарына «Аймед медициналық орталығы» мен «АРУ медициналық орталығы» ЖШС-ы енгізілген. Бұған дейін, өткен жылы олардың қызметіне оң баға берілген болса да, тексеруге ілінді. Бірақ, кәсіпкерлер өтініш жазып, прокуратура тексерулер жүргізуге тыйым салды. Осыған байланысты Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Алматы облыстық департаментіне меморган қызметіне бақылау жүргізуді сұраймыз. Сондай-ақ бейінді министрлікке ұйымның басшысын жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныс жасалады», - деп қосты Б.Файзуллин. Аталмыш ұсыныстарды кеңес мүшелері бір ауыздан қабылдады.
Құқықтық бөлімнің сарапшысы Диас Оташбаев жиналғандарға ТРМКД тарапынан «Алель Агро» ЖШС мен «Алатау-құс» ЖШС-на қатысты жасалған антимонополдық тексеру кезіндегі заңбұзушылықтар туралы мәлімдеді.
Сонымен қатар, Алматы облысының жобалық, жобалау-іздестіру ұйымдары ассоциациясының басшысы Александр Аникин мемлекеттік сатып алуда бірыңғай талаптардың орындалмауы жөнінде мәселе көтерді.
«Тапсырыс беруші мемлекеттік сараптаманың қорытындысына және жұмыстың белгіленген көлемнен артық орындалғанына қарамастан, қосымша келісім мен қаржыландыруды көбейтуге үзілді-кесілді қарсы болады. Сондай-ақ, орындалған жұмыс көлеміне сай бюджетті қысқарту жағдайларын да қарастырған жөн. Екі жағдайда да кәсіпкерге экономикалық шығын келеді», - деп қорытындылады А.Аникин.