Алматы полициясы 1414 нөмірінен келетін SMS-хабарламаларды пайдаланып жасалатын алаяқтық деректерінің жиілегенін мәлімдеді.
Қылмыскерлер алдымен азаматтарға код жіберіп, кейін қоңырау шалып, өздерін банк, пошта, салық немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады.
Олар «жеке деректеріңіз ұрланды» деген сылтаумен адамдарды түрлі қосымшаларды орнатуға немесе күмәнді сілтемелерге өтуге көндіріп, ақша аударуды не несие рәсімдеуді талап етеді.
Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаевтың айтуынша, 1414 нөмірінен келген SMS банк шоттарына тікелей қолжетімділік бермейді, өйткені қаржы ұйымдары көпсатылы қорғаныс жүйесін қолданады. Дегенмен алаяқтар көбіне егде жастағы адамдарды психологиялық қысым арқылы алдап, депозиттегі қаражатын шешіп алуға немесе «сақтандыру шотына» аударуға көндіреді.
Сондай-ақ интернет арқылы жалған инвестициялық ұсыныстар мен арзан тауар сату схемалары да кең таралған. Қаскөйлер алдын ала төлем алып, кейін байланысқа шықпай қалады.
Полиция азаматтарға жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және келген кодтарды ешкімге бермеуді, ал күмәнді қоңырауларды өз бетінше тексеруді ескертті.





