Алматыда студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 400 орындық жаңа жатақхана салу жобасы іске асырылады.
Жобаның жалпы құны 750 млн теңгені құрайды. Оның 500 млн теңгесі "Almaty Business – 2025" бағдарламасы аясында 7 жыл мерзімге жылдық 6 пайыздық жеңілдетілген несие ретінде бөлінсе, қалған 250 млн теңгесін инвестор өз қаражаты есебінен қаржыландырады.
Жаңа жатақхана жалпы аумағы 3 537 шаршы метрді құрайды. Ғимарат төрт қабаттан және жертөле қабатынан тұрады. Мұнда Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері тұратын болады. Жатақханада тұру құны бір студент үшін айына 45 мың теңге болып белгіленген.
Жоба студенттерді заманауи әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етіп, қаладағы жатақхана орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар бастама Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Қаржы орталығы" АҚ арқылы мемлекеттік субсидиялау тетігімен жүзеге асырылады. Осы бағдарлама аясында жатақханада тұратын әрбір студентке 230 АЕК көлемінде мемлекеттік субсидия қарастырылған.





