Алматыдағы «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, тоннель қазу жұмыстары аяқталуға жақын, ал рельстер 2025 жылдың соңына дейін толық төселеді. Жаңа бекет 2026 жылдың мамыр-маусым айларында, яғни алғашқы жартыжылдық соңында ашылады.
Бас мердігер Bazis Construction метроның сол жақ бағытындағы тоннельге рельс төсеуді аяқтаған. Рельстер тігіссіз технология бойынша салынуда.
«Әрбір 25 метрлік рельс алюминий дәнекерлеу әдісімен біріктіріледі. Бұл балқытылған металл арқылы рельстерді тұтас сызыққа айналдырады. Соның нәтижесінде пойыздар бірқалыпты және дерлік дыбыссыз қозғалады», – деді компанияның басқарушы директоры Мұрат Үкшебаев.
Ал оң жақ бағыттағы жолда 1600 метрдің 357 метрі ғана қалған. Құрылысшылар тәулігіне 5 метр рельс тартып, жұмысты екі айдан сәл астам уақыт ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.
«Жыл соңына дейін станция маңындағы құрылыстарды және «Қалқаман» бекетінің өзіндегі рельс төсеуді толық бітіреміз», – деді Үкшебаев.
Ішкі жүйелер тартылып жатырҚазір тоннельдерде электр желілері, су құбыры, дренаж жүйесі тартылуда, жарықтандыру мен кронштейндер орнатылған. Монолит жұмысы аяқталуға жақын. Алдағы кезеңде дыбыс және бейнебақылау жүйелері, өткізу бекеттері, өрт және күзет дабылдары орнатылады. Бекетті әрлеу жұмыстары басталып кеткен.
Әкімдік хабарлауынша, Bazis Construction құрылысты бастапқы жоспардан ертерек 14 айдың ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Құрылыс алаңында тәулік бойы үш ауысыммен 400-ден аса маман жұмыс істейді.
Бастапқыда «Қалқаман» бекеті 2025 жылы ашылады деп жоспарланған, алайда құрылыс мерзімі ұзартылды. Жобаның жалпы құны – 57,3 млрд теңге.
Айта кетейік, Алматы метрополитені 2011 жылдың желтоқсанында ашылған. Қазір қалада бір ғана желі жұмыс істейді, онда 11 бекет бар.





