Алматыда пилотсыз көлік технологияларын дамыту бағытындағы маңызды қадам жасалып, Yandex Qazaqstan компаниясының роботаксиі таныстырылды.
Жобамен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов танысты. Іс-шара Көлік министрлігінің интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту және елімізде пилотсыз технологияларды енгізу мүмкіндіктерін зерттеу жұмыстары аясында өтті.
Жобаға сәйкес, роботакси сервисі бірден толық көлемде іске қосылмайды. Алдымен пилоттық режимде және шектеулі тестілеу форматында жұмыс істейді. Мұндай тәсіл технологияның қалалық ортадағы тиімділігі мен қауіпсіздігін нақты жағдайда тексеруге мүмкіндік береді.
Компания өкілдерінің мәліметінше, сервисте тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік бақылау жүйесі қарастырылған. Сонымен қатар барлық сапарлар сақтандырылып, жолаушылар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді.
Роботаксидің басқару жүйесі жасанды интеллект технологияларына негізделген. Көлік жол қозғалысын үздіксіз бақылап, қоршаған ортаны талдап, қауіпсіз қозғалыс сценарийлерін автоматты түрде таңдай алады. Жүйе әлемнің бірқатар елдерінде қолданылып жүрген автономды жүргізудің сыналған технологияларын пайдаланады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Көлік министрлігі пилотсыз көліктерді пайдалануға арналған құқықтық базаны әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Заңнамалық түзетулерде роботакси ұғымын енгізу, олардың жұмыс тәртібін белгілеу, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақтылау және қажетті құқықтық инфрақұрылымды қалыптастыру көзделген.
Мамандардың айтуынша, әлемдік тәжірибе пилотсыз көліктердің көлік саласындағы тиімділігін дәлелдеп отыр. Автономды технологиялар жол қауіпсіздігін арттырып, көлік қызметтерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Пилоттық жобаларды іске асыру үшін әзірге Алматы мен Астана негізгі алаң ретінде қарастырылуда. Бұл қалаларда цифрлық инфрақұрылым жақсы дамыған және интеллектуалды көлік жүйелерін енгізуге қажетті техникалық мүмкіндік бар.
Көлік министрлігі роботаксиларды енгізу барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Ведомство алдағы уақытта да халықаралық тәжірибені ескере отырып, заманауи көлік технологияларын дамыту жұмыстарын жалғастырмақ.





