Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыда үш бағыт бойынша метроның 23 бекеті салынады

Алматыда үш бағыт бойынша метроның 23 бекеті салынады

Алматыда алдағы жылдары үш негізгі бағытта жалпы ұзындығы 40 шақырымнан асатын метро желісі салынады.

Бұл туралы қалалық әкімдіктің отырысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев мәлімдеді.

Бірінші бағыт – қазіргі қолданыстағы метро желісін Абай даңғылы бойымен «Барлық» базарына дейін ұзарту. Бұл бағытта 3 жаңа бекет салынады, жалпы ұзындығы 5,3 км. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.

«Бұл жоба Алатау көшесінің бойымен жүріп, мегаполистің батыс бөлігін метро көлігімен қамтуға мүмкіндік береді», – деді Сматлаев.

Екінші бағыт – метроны «Жібек жолы» бекетінен Алматы халықаралық әуежайына дейін жеткізу. Бұл бағытта 8 бекет пен 14 шақырымдық жаңа желі жоспарланған. Ол Гоголь көшесі, Орталық демалыс саябағы және Шығыс айналма жолы арқылы өтеді.

«Бұл бағыттың техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр. Мемлекеттік сараптама 2026 жылдың қаңтар-ақпан айында өтеді», – деді әкім орынбасары.

Үшінші бағыт – метроны «Сайран» бекетінен болашақтағы Алатау қаласына дейін жеткізу. Мұнда 12 жаңа бекет, 21,5 шақырым метро желісі салу көзделген. Бұл бағыттың техникалық-экономикалық негіздемесі 2026 жылдың желтоқсан айында дайын болады.

Жалпы алғанда, үш жоба аясында 23 жаңа бекет және шамамен 41 шақырым метро желісі салу жоспарланып отыр. Бұл мегаполис тұрғындарының қозғалыс мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, көлік инфрақұрылымын заманауи деңгейге жеткізеді деп күтілуде.

Ұқсас материалдар