Алматыда төрт жыл бұрын пайдалануға берілген әлемдік Hilton қонақ үйлер желісінен шу шықты. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізген франзиша иесі «АБЛИ Құрылыс» компаниясы өкілдерінің айтуынша қонақ үйге қатысты рейдерлік әрекет жасалып жатыр.
Досмұхамедов көшесінің бойында орналасқан DoubleTree by Hilton қонақ үйі 2017 жылдың соңында іске қосылған. Қонақ үй иесі жобаны жүзеге асыру үшін «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-нан кепілдікпен 4 млрд 200 млн теңге несие алған. Алайда Covid-19 бұлардың да бизнесіне әсер етіп, «АБЛИ Құрылыс» компаниясы да Double tree by Hilton қонақүйінің иесі ретінде «Capital Bank Kazakhstan» өкілдігіне хат жазып, несиелік төлемдерді уақытша тоқтата тұруды сұраған. Бір емес, бес рет жолданған өтінішке жауап болмаған.
«Алайда жауап болған жоқ. Біз де ел қатарлы алаңсыз болдық»,- дейді компания заңгері Дмитрий Сазонов.
Өйткені ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының 2020 жылғы 26 наурыздағы № 167 бұйрығымен Төтенше жағдай енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібі бекітілген. Бұған қонақ үй бизнесі де кіреді. Құжатқа сәйкес бизнес өкілдері 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде қарыз берушіге қаржылық жағдайы нашарлағаны туралы өтініш берсе жеткілікті. Банк өтініштің негізінде 10 (он) жұмыс күні ішінде төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды және қарыз алушыға қолжетімді тәсілдермен хабарлауы тиіс болған.
«Біз заң талаптарын орындадық. Бұйрық негізінде банкке өтініш бердік. Коронавирустық шектеулерге байланысты қонақ үйлер жұмысын тоқтатты. Мұны елдің бәрі біледі. Сол жылы наурыз айынан күзге дейін бизнес жүрген жоқ. Бәрі жабық болды. Сондықтан хат жолдап, банккке ескерттік. Осыған қарамастан 2020 жылы маусым айының басында «Capital Bank Kazakhstan» банкі «Double tree by Hilton» қонақүйінің иелеріне несие бойынша қордаланған қаржыны төлеу туралы құлақтандыру жіберді. Бірақ мемлекеттік қаржы органдары арнайы бұйрықпен екінші деңгейлі банктерге бизнесті қолдау үшін несие төлемдерін шегеруге нұқсау берді. Банк заң талабын орындаудың орнына бұған сол кезде көз жұмыпты», - дейді Д. Сазонов.
Қонақ үй өкілдері банктың әрекетін рейдерлік деп бағалайды. Өйткені пендемия кезіндегі өтінішке қарамастан банк DoubleTree by Hilton қонақ үйін сырттай сатып жіберген.
Заңгер Дмитрий Сазонов 2020 жылы бес ай төленбей қалған несие берешегі 200 млн теңге болғанын айтады. Оны бизнес жолға қойылғанда төлеуге мүмкіндігіміз жететін еді деп отыр.
«Банк оған қарамастан қонақ үйді басқарушы компанияның берешегі мен негізгі несиені коллекторлық агенттікке өткізіп жіберген. «Заңгер» коллекторлық компаниясы қонақ үйді тез арада 5 млрд 110 млн теңгеге бағалайды. Ал кепілдікте тұрған тағы да 200-ге жуық жылжымалы мүлікті бар-жоғы 60 млн теңгеге бағалаған»,- дейді қонақ үй өкілі Асқар Өтешов.
Нәтижесінде кепілде тұрған мүліктер «Байдала» ЖШС-не нарықтағы құнынан екі есе төмен бағамен сатылып кеткен.
«АБЛИ Құрылыс» ЖШС-де жоғарыда аталған мүліктердің бағасы туралы құжаттық негіздемелер бар. Қонақ үйдің нарықтық құны 8,5 млрд теңге болатын. Бағалау туралы заңнамаға сәйкес мүліктің иесі бағалау туралы мәліметтермен келіспесе, оның қортындысын сот арқылы шағымданып, жоққа шығара алады. Біз төмен бағаға саудаланған мүлкіміздің құнымен келіспей, Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз түсірдік. Яғни «Заңгер» коллекторлық компаниясының бағалау қорытындыларын негізсіз деп тануды талап еттік. Алайда бұл арызды сот қабылдаудан бас тартты. Ал бастапқыда несие алғанда «АБЛИ Құрылыс» компаниясы мен «Capital Bank Kazakhstan» АҚ арасындағы кепілдік туралы келісімде бұл қонақ үй мен өзге де жылжымалы мүліктер құны 9,5 млрд теңге деп көрсетілген. Себебі нысан жаңа, соңғы үлгіде салынған және қаланың орталығында»,- дейді Асқар Өтешов.
Қонақ үй мұны пандемия кезінде қиындыққа ұшыраған бизнеске «рейдерлік» әрі «алаяқтық» деп бағалап отыр. «Ай сайын несиесін төлеп отыруға қабілеті бар бизнесті қасақана жолмен «несие төлемейтін қара тізімдегі мекемелер» санатына жатқызды», дейді қонақ үй өкілдері.
Айта кету керек қонақ үйді тартып алуға әрекет жасады деп айыптап отырған «Capital Bank Kazakhstan» АҚ Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылдың 5 қазанындағы шешімімен жабылған. Банкке олигарх Патох Шодиевтің немере інісі Орифджан Шадиев иелік еткен.
Заңгер Дмитрий Сазонов сот шешімімен тараған Capital Bank Kazakhstan-ның бұдан басқа да құйтырқы әрекеттері барын айтады. Мәселен банк пен коллекторлық компания және «Қазаэронавигация» РМК өзара сыбайласу арқылы бұдан бұрын мемлекеттің 14 млрд 700 млн теңге қаражатына қол салған.
«Қазаэронавигация» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Capital Bank Kazakhstan есепшотына қомақты қаражат салады. Мемлекеттік компания 14 млрд теңгеден астам қаржыны депозитке орналастырған. Алайда бұл бюджеттік сомма банктің есепшотынан жоғалып кетеді. Бірақ 2020 жылы 22 желтоқсанда «Қазаэронавигация» РМК, Capital Bank Kazakhstan және «Заңгер» коллекторлық агенттігі арасында үш жақты келісімшарт жасалып, қомақты қаржы коллекторлық компания есепшотына түскені белгілі болды. Содан кейін ұшты-күйлі жоғалады. Ал «Заңгер» коллекторлық компаниясы осы келісімшарт жасаумерзімінен он күн бұрын ғана құрылған. Біз бұл деректерді банктің ликвидациялық соты кезінде білдік. Ең қызығы - мемлекеттік кәсіпорын өз есепшотынан осындай қомақты қаражаттың жоғалғанын біле тұра, құқық қорғау органдарына шағымданбаған. Ұлттық банк те тексермеген. Прокуратура да қылмыстық іс қозғамайды. Біздіңше банк осы қаражаттың орнын толтыру үшін өз кредиторлары мен клиенттерін алаяқтық жолмен тонауға шешім қабылдаған болуы керек деп бағалаймыз. Соның бір құрбаны - DoubleTree by Hilton қонақ үйінің иесі «АБЛИ-Құрылыс» компаниясы»,- дейді заңгер.
Қазір 112 номерден тұратын, бірнеше дәмханасы, ғимараттың ең үстіңгі қабатында ашық аспан астындағы мейрамханасы және конференция залдары мен автотұрағы бар қонақ үй жұмысын жалғастырып жатыр. Қонақ үй иелері «несие кестесін қайта қарау үшін және заңсыз сатылған ғимаратты қайтарып алуға әрекет етеміз», - дейді.