Астана халықаралық әуежайының өткізу қабілеті алдағы жылдары 12 миллион жолаушыға дейін артады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының халықаралық авиациялық хаб құру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында елорданың әуежайын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Жиында Үкімет басшысына әуежайдың ұшу-қону жолағын жоспарлы жөндеу жұмыстарының аяқталғаны баяндалды. Бұл шаралар инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек өз кезегінде әуежайдың материалдық-техникалық базасын жетілдіру және жаңғырту жоспарларымен бөлісті. Жоба аясында жаңа ұшу-қону жолағын салу, перрондар мен терминалдарды жөндеу, техникалық құралдарды жаңарту көзделген. Сонымен қатар логистикалық кешендер, қоймалар, қонақүйлер, кеңселер және әкімшілік ғимараттар салу арқылы инфрақұрылым кешенді түрде дамытылатын болады.
Қазіргі таңда Астана әуежайы жыл сайын шамамен 9 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде бұл көрсеткіш орта есеппен 12 миллион жолаушыға дейін ұлғаяды деп жоспарлануда.
Кеңес барысында әуежайды дамыту ісіне инвесторлар тарту мәселесі де талқыланды. Үкімет өкілдерінің айтуынша, ірі халықаралық корпорациялар тарапынан бұл бағытқа айтарлықтай қызығушылық бар.
Кеңес қорытындысында Премьер-министр Көлік министрлігі мен Астана қаласының әкімдігіне елорданың авиациялық әлеуетін дамыту жөніндегі жобаның орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.





