Биыл Астана халықаралық әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Жаңа жолақ іске қосылғаннан кейін 20 жыл бойы жөндеу көрмеген қолданыстағы ұшу-қону жолағын жаңғыртуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті 4 есеге артып, жылына 40 млн жолаушыға дейін жетеді.
Сондай-ақ шілде айында Алматы әуежайының ішкі терминалын күрделі жөндеу аяқталып, өткізу мүмкіндігі 14 млн-нан 19 млн жолаушыға дейін ұлғаяды. Бұдан бөлек, ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары басталады.
Премьер-министрдің айтуынша, авиаотын бағасы 1,2 мың доллардан шамамен 950 долларға дейін төмендеген. Бұл Қазақстан әуе кеңістігінің шетелдік авиакомпаниялар үшін тартымдылығын арттырады.





