Елордада жоғары оқу орнына оқуға түсіруге көмектесемін деп азаматты алдаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Тергеу мәліметінше, 32 жастағы күдікті сауда орталықтарының бірінің маңында жәбірленушімен танысып, өзін талапкерлерді шетелдік жоғары оқу орындарына орналастырумен айналысатын орталықтың өкілі ретінде таныстырған. Ол түрлі шетелдік университеттермен байланысы бар екенін айтып, грантсыз негізде оқуға қабылдау мен құжат рәсімдеуге көмектесуге уәде берген.
Күдікті оқу ақысын төлеу, құжаттарды дайындау және дайындық бағдарламаларын ұйымдастыру сылтауымен бірнеше мәрте ақша алған. Нәтижесінде жәбірленушіден жалпы сомасы 8 миллион теңге иемденген.
Алайда уәде етілген қызметтер орындалмаған соң, азамат полицияға арызданған. Тергеу барысында күдіктінің ешқандай оқу орнымен немесе білім беру ұйымдарымен ресми байланысы болмағаны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») негізінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарға сақ болуды ескертіп, оқуға түсіру, жұмысқа орналастыру немесе басқа да қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Сондай-ақ ірі көлемдегі қаржыны ресми келісімшартсыз бермеу қажеттігін еске салды.





