Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Астанада жаңа әуежайдың құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін

Астанада жаңа әуежайдың құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін

Астанада жаңа әуежайдың құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елорда әкімдігі жобаны іске асыруға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның сөзінше, жаңа әуежай құрылысы еліміздің авиациялық инфрақұрылымын дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі болмақ.

Нұрлан Сауранбаев алдағы үш жыл ішінде Қазақстандағы барлық әуежай инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту көзделіп отырғанын айтты. Бұл жұмыстар аэрохабтарды дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылады.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астанада жаңа әуежай салу стратегиялық маңызы бар міндет екенін айтып, жобаны барынша қысқа мерзімде жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде 10 мың шақырым автожол мен 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жол жөндеу жұмыстарының едәуір бөлігі белгіленген мерзімнен бұрын орындалған.

Сонымен бірге алты ірі әуежай базасында аэрохабтарды дамыту көзделген. Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – елордадағы жаңа әуежай құрылысы. Оның іске асырылуы Қазақстанның авиациялық әлеуетін арттыруға және халықаралық әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, жүк авиациясын дамыту да көлік саласындағы басым бағыттардың бірі саналады. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, елді халықаралық логистикалық тізбектерге кеңінен кіріктіруге ықпал етеді. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қажетті шешімдер қабылданып, жүк авиациясын дамытуға арналған бес жылдық жоспар әзірленген.

Ұқсас материалдар