Жоба Astana Smart City аясында жүзеге асырылып жатыр. AI-видеосараптама жүйесі көлік жүргізу кезінде телефон қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау және өзге де жол ережесін бұзушылықтарды автоматты түрде анықтай алады.
Қазіргі уақытта жүйе тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Ол компьютерлік көру мен машиналық оқыту технологияларына негізделіп, бұзушылықтарды жоғары дәлдікпен тіркеуге мүмкіндік береді.
Жаңа жүйенің ерекшелігі – оның тек камералармен шектелмей, қалалық және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған бірыңғай цифрлық платформа құрамына енуі. Бұл жол жағдайын кешенді талдауға және көлік ағындарын тиімді басқаруға жол ашады.
Жоба аясында ақпараттық қауіпсіздік талаптарына да ерекше назар аударылған. Жүйе қажетті сертификаттаудан өтіп, кезең-кезеңімен енгізілуде.
Мамандардың айтуынша, жаңа технология жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, жүргізушілер тәртібін жақсартуға және қалада қауіпсіз ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.





