Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев автолизингтің автонесиеден артықшылықтарын атап өтті.
Оның айтуынша:
-
Мүлік лизинг алушыда емес, берушінің меншігінде қалады. Лизинг сомасы толық өтелгенге дейін көлік компанияға тиесілі болып саналады, ал алушы оны кез келген уақытта компания арқылы ауыстыра алады.
-
Несие тарихына әсері аз. Лизинг келісімшарты несие тарихында ескерілмейді.
Сонымен қатар, «ForteLeasing» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Саят Үрпежанов автолизинг бойынша бірінші пилоттық жоба өткенін хабарлады. Жоба Allur Group компаниясымен бірлесіп іске асырылып, заңды тұлғаларға арналған шарттармен ұқсас болып, 10% бастапқы жарнамен және 15% пайызбен үш жылға ұсынылды.
Саят Үрпежановтың айтуынша, халықаралық тәжірибе қарастырылып, болашақта автолизинг шарттары әрі қарай жетілдіріледі. Қазірдің өзінде бірнеше ұсыныс түсті, олар Үкімет пен қауымдастықпен бірлесе талқыланатын болады.





