1995 жылғы банк реформасы 1990 жылы Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялағаннан бастап нарықтық қатынастардың талаптарына сай келетін меншікті банк жүйесін құруға бетбұрыс жасады. 1990 жылы желтоқсан айында қабылданған “ҚазКРО-ғы банктер жəне банктік қызмет туралы” алғашқы заң Қазақстандағы банктік реформаны жүргізудің бастапқы кезеңдерін қамтиды.
Бұл банктік реформа Ұлттық банктің 1995 жылға арналған “Қазақстандағы банктік жүйені реформалау” бағдарламасына сəйкес жүзеге асырылды. Нарық экономикасына өту жағдайында жəне экономикалық дағдарысты жоюда, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуде ҚР банк жүйесі маңызды роль атқарады. Қазіргі уақытта қалыптасқан екі деңгейлі банктік жүйенің қызмет етуіне байланысты жасалған талдауда, олардың көрсетіп отырғанындай, кемшіліктердің басым бөлігі банктер қызметін реттейтін нормативтік базаны жасаудағы артта қалушылық жəне оның іске асырылуына іс жүзінде бақылау жасау механизмдеріндегі кемшіліктерімен сипатталады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы жұмыс жасап отырған банктік жүйенің қалыптасуын үш кезеңге бөледі:
І кезең. 1988 – 1991 жж. (КСРО-ның тұсында) – мемлекеттік салалық мамандандырылған банктер қызметінің бір бөлігін республикалардағы сол банктердің тиісті бөлімшелеріне беру арқылы қайта түрлендіру; алғашқы коммерциялық банктер құру; КСРО Мемлекеттік банкіне орталық банктің жекелеген қызметтерін беруге байланысты бастапқы қадамдар жасау кезеңі.
ІІ кезең. 1992 жылдың аяғы 1993 жылдары – рубль аймағында бола отырып, ҚР Ұлттық банкінің орталық банктің бірқатар қызметтерін орындауға біртіндеп кірісуі, коммерциялық банктердің экстенсивті (сандық) түрде қалыптасуы жəне дамуы, ұлттық нормативтік базаның қалыптасуының бастапқы кезеңі.
ІІІ кезең. 1993 жылдың қараша айынан осы уақытқа дейінгі, яғни айналысқа Ұлттық валютаның енгізілуіне байланысты Ұлттық банкінің ақша-несие аясының қызмет етуіне толық жауапкершілік алу, бюджет жəне банктермен қарым-қатынас орнатудың классикалық қағидаларын енгізу, банктердің қызметін реттеу жүйесін нығайту кезеңін білдіреді.
1995 жылғы банктік реформалауға дейінгі жұмыс жасаған банктік жүйенің басты кемшіліктеріне мыналарды жатқызуға болады:
а) Ұлттық (орталық) банк қызметіне байланысты:
• мемлекеттің қаржы саясатын жүргізу барысындағы Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі қызметтерінің жеткіліксіз шоғырлануы;
• коммерциялық банктердің өтімділігін толық қолдау механизмінің жеткіліксіздігі;
• екінші деңгейдегі банктер қызметін қадағалау жəне реттеу жүйесінің баяу құрылуы;
• валюталық реттеу жəне бақылау жүйесінің қалыптасуындағы артта қалушылық;
• макроэкономикалық процесстерді жедел түрде талдау, оларды болжау жəне шешім қабылдауда пайдалану деңгейінің төмендігі;
• осы уақытқа дейін пайдаланылып келген Ұлттық банк пен екінші деңгейдегі банктердің бухгалтерлік есеп жүйесінің халықаралық стандартқа жəне нарықтық экономика талаптарына сай келмеуі;
• Ұлттық банк жүйесіндегі еңбек ақының төмендігінен кадрлардың кету деңгейінің жоғарылығы.
ə) Екінші деңгейдегі банктерге байланысты:
• Ұлттық банктер тарапынан белгіленген экономикалық (қазіргі пруденциалдық) нормативтер мен банк клиенттерінің құқықтарын тікелей бұзған банктердің нарықта қызмет ете беруі;
• қаржы ресурстарын жинақтаудың іс жүзіндегі механизмдерінің əлсіздігі;
• шаруашылық субъектілерін несиелеу барысында жобаларды бағалау деңгейінің жəне банк үшін несие беруден туындайтын тəуекелді бағалау дəрежесінің, сондай-ақ несиенің қайтарылуына жасалатын бақылаудың қанағаттанарлықсыз деңгейде болуы; • орта жəне ұзақ мерзімде ірі жобаларды дербес түрде қаржыландыруды іске асыруға мүмкіндік беретін, банктердің капиталдану деңгейінің жеткіліксіздігі;
• прогрессивті қаржы құралдарын жəне технологияларды пайдаланып, игерудің баяулығы;
• банк қызметкерлерін кəсіби жағынан даярлаудың жалпы төмен деңгейде болуы. Сонымен бұрынғы салалық мамандандырылған банктерді қайта түрлендіруге байланысты бірқатар шаралар 1994 ж. орта кезінен басталып, 1995 жылға дейін жалғасты.
Бірінші кезекте 1994 жылы Ұлттық банктің ұсынысы бойынша Кабинет Министрлігінің Қаулысына сəйкес арнайы құрылған комиссия Қазагроөнеркəсіп банкіне санация процесін жүргізіп, ондағы орталықтандырылған несиелерге (шаруашылықтардың нақты төлем қабілеттілігін ескермей, Жоғарғы Кеңес пен Үкіметтің шешімі бойынша өткен жылдардағы берілген) байланысты мерзімі өткен қарыздарды Қазагроөнеркəсіп банкінің балансынан Қаржы Министрлігінің қарамағында құрылған ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау мемлекеттік қорының балансына беру шараларын іске асырды. Екінші кезекте, Қазақстан ƏлемБанкін 1994 жылдың орта кезеңінде Мемлекеттік Экспорттық-импорттық банкке (қазіргі Эксимбанк) жəне əмбебап акционерлік ƏлемБанкке бөлу шаралары жүзеге асты. Сөйтіп, ол уақыттағы ƏлемБанктің жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі – 35 % құрады. Бұл бір жағынан, ƏлемБанктегі мемлекеттің қаржысы мен мемлекеттік емес акционерлер қаржыларын өзара бөлуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан Əлем банктегі монополияны жоюға мүмкіндік жасады. Үшінші кезекте, мемлекеттік мамандандырылған Халық банкін əмбебап банкке түрлендіру шаралары жүргізілді. Түрлендіру мынадай үш кезеңді қамтыды:
Бірінші кезеңде (1995 жылдың 1-ші жартысын) мемлекеттік емес акционерлерден акцияларын сатып алу жолымен 100 % мемлекеттік меншікті қалпына келтіру жəне оның жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында мемлекеттен жалға алған ғимаратын Халық банкінің меншігіне беру, сондай- ақ 01.01.1992 ж. жағдайға байланысты халық салымдарын индексациялау жүйесін анықтау міндеті белгіленді.
Екінші кезеңде (1995 ж. екінші жартысында жəне 1996 ж.), Халық банкіне пластикалық дебеттік жəне кредиттік карточкаларды енгізу жəне олардың қолданылу ауқымын кеңейту міндеті жүктелді. Үшінші кезеңде (1997 ж. ішінде), Халық банкісінің алдында Ұлттық банк белгілеген пруденциалдық нормативтерге сəйкес 01.01.1998ж. бастап салымдарды мемлекеттің толық кепілдемесінен ұжымдық сақтандыруға негізделген аралас сақтандыру жүйесіне өтуге дайындық жасап жəне жекшелендірудің бірінші кезеңін бастау міндеті тұрды.
Төртінші кезеңде əмбебап банк - Тұран банкіндегі мемлекеттің үлесі (61%, 1994 жылдың сəуіріне) анықталып, ондағы негізгі борышқор- кəсіпорындардың бір бөлігі 1995 жылы жаңадан құрылатын Медетші банкке берілетін болды.
Бесінші кезеңде əмбебап банк - Кредсоцбанктегі мемлекеттің үлесі - 40,3% мөлшерінде (1994 жылдың сəуіріне) анықталды. 1995 жылдың қаңтар айының аяғына таман оның жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесін сату бағдарламасын Ұлттық банк даярлауға тиіс болды.
Коммерциялық банктер үшін нақты секторды қысқа мерзімді несиелеу тиімсіз болып табылғандықтан, орта жəне ұзақ мерзімді несиелеу қызметін өз 93 міндетіне алатын мамандандырылған мемлекеттік банктерді құру қажеттігі туды. Ондай банктерді халықаралық тəжірибеде даму банктері деп атайды, себебі олар үшін басты мақсат пайда табу емес, яғни экономиканың жекелеген салаларын дамыту болып саналады.
Сонымен, Қазақстанда банк секторын реформалау бағдарламасын іске асыру шегінде Экспортты-импорттық банк (Эксимбанк), Мемлекеттік даму банкі жəне Тұрғын үй құрылыс банкі құрылды. Мамандандырылған банктер қатарында халыққа қызмет көрсетуге маманданған Халық Жинақ банкі де болды. Мемлекеттік даму банкі – бұл банк экономиканың маңызды салаларында тиімді инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді несиелеуді жүзеге асыруға бағытталған үкіметтің қаржы-несие институты болып табылады. Экспортты-импорттық банк (Эксимбанк) – бұл Қазақстан үшін дəстүрлі емес, даму жəне ғылыми ұйымдардың экспортын қаржыландыру үшін, экспорттық несиелер мен инвестицияларға сақтандыру жəне кепілдеме беру үшін Əлем банктен бөлініп шыққан банк. Тұрғын үй құрылыс банкі – бұл тұрғын үй құрылысын коммерциялық құрылысшылар арқылы несиелеуге, халық үшін тұрғын үй жинақ шоттарын қалыптастыру, ипотекалық несиелеу жүйесін құру мақсатында құрылған банк. Медетші банк (траст) – бұл Дүниежүзілік банктің ықпалымен “Проблемалық кəсіпорындар үшін госпиталь” ретінде құрылған банк. Бұл банкті құру туралы жарғыға сəйкес, ол небəрі 4 жыл мерзімге қызмет етуге уақытша құрылды. Ұлттық банктің 1995 жылғы реформалау нəтижесінде қолданған шаралары қаржылық жəне экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізді. Ең бастысы, ақша-несие реттеу əдістері мен құралдары əрі қарай дами түсті. Банктерді қайта қаржыландыру механизмі түбірімен өзгерді. 1995ж. ақпан айынан бастап, директивті несиелерді беру тоқтатылды. Орталықтандырылған көздер есебінен берілетін несиелер көлемі мен мерзімі қысқарып, экономиканы несиелеу қызметі Ұлттық банктен екінші деңгейдегі банктерге ауысты. Ұлттық банк орталық банктерге тəн қызметке: қысқа мерзімді өтімділігін қолдап отыру мақсатында екінші деңгейдегі банктерге несие беру, Үкіметке несие беру жəне ақша-несие жəне валюталық реттеумен айналысуға көшті. 1995 жылдың бірінші жартысында Ұлттық банктің екінші деңгейдегі банктерге берілетін несиелері несиелік ресурстар аукционы арқылы 3 ай мерзімге дейін берілсе, ал екінші жартысында операциялардың ауыртпалығы мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығына өте бастады. Сөйтіп, банкаралық несиелер нарығы дами түсті. 1995 жылы қыркүйек айынан бастап ломбардтық несиелеу жүйесі енгізілді. Базалық ақшалардың өсу 94 қарқынына шек қою мақсатында Ұлттық банк айналысқа өзінің қысқа мерзімді ноталарын шығару арқылы ақша массасын реттеп отырды. 1995 жылы Ұлттық банк қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің нақты мəнін қалпына келтірді. Инфляция қарқынын төмендету арқылы оның мөлшерлемесін төмендетті.
Айталық, 1995 ж. қаңтар айындағы инфляцияның қарқынын 8,9%-дан, қыркүйек айында - 2,4%-ға дейін төмендету нəтижесінде қайта қаржыландыру мөлшерлемесі: 210 % -дан 45% -ға дейін төмендеген.
Дереккөз: Мақыш С. Б. "Ақша. Несие. Банк" оқулығы.