Баға дегеніміз тауар мен көрсетілетін қызмет бірлігі үшін төленетін немесе алынатын ақша (не өзге тауар мен қызмет) мөлшері. Тауар өндірісі мен ақша-тауар қатынасының пайда болып, дамуымен бірге баға да пайда болды. Барлық тауар-ақша қатынастары баға арқылы іске асады. Ең жалпы, абстракты түсінік бойынша, баға тауар құнының ақшалай көрінісі болады.
Ол меншік түріне қарай мемлекеттік (кесімді және реттелген) баға және еркін (нарықтық) баға; қоғамдық өндірістің жіктелуіне қарай өндіріс қоры бағасы және тұтыну тауары бағасы; экономикалық айналым мен тауар қозғалысының сипатына қарай көтерме сауда бағасы және бөлшек сауда бағасы; транспорттық шығындарды келісе отырып бөлісуге байланысты өндіріс орнындағы баға (франко-жөнелтілім стансасы) және тұтыну орнындағы баға (франко-жеткізілім стансасы); қамтитын аумағына қарай әлемдік баға, аймақтық баға және жергілікті баға; статистикада қолдануына қарай базистік баға, ағымдағы баға, орташа баға, салыстырмалы баға болып бөлінеді.