
«Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ Басқарма төрағасы болып бұрын ұйымда қаржы директоры және әкімшілік мәселелер жөніндегі басшы лауазымын атқарған Бақтияр Тілеубеков тағайындалды, деп хабарлады АХҚО баспасөз қызметі.
«Біз Бақтияр Тілеубековтың қаржы орталығы әкімшілігінің Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалғаны туралы қуана хабарлаймыз. Жоғары тиімділік пен жауапкершілік көрсеткен ұйымымыздағы дарынды да кәсіби мамандарды қолдап дамыту АХҚО-ның кадр саясатының ажырамас бөлігі. Бақтияр Тілеубековтің тәжірибесі мен басқару дағдылары барлық басым бағыттар бойынша қаржы орталығының одан әрі үдемелі дамуына ықпал ететініне сенімдімін», деді бұл жаңалық туралы АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров.
Сондай-ақ, АХҚО Басқарушысы бұған дейін Басқарма төрағасы лауазымында жұмыс істеген Ернар Жанәділге қаржы орталығын дамыту және оның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесі мен тиімді жұмысы үшін алғыс білдірді.
Бақтияр Тілеубеков 2018 жылы АХҚО командасына қосылып, инвестициялық шешімдер департаментінің аға маманы лауазымында жұмыс істеді. Содан кейін осы департаменттің директоры, АХҚО-ның еншілес ұйымы – AIFC Business Connect Ltd. бас директорының орынбасары лауазымын атқарды. Онда қаржы орталығының әлеуетін ілгерілетуге, инвестициялық мәмілелерді құрылымдауға және орталыққа қатысушы компаниялардың қызметін сүйемелдеуге жетекшілік етті.
2023 жылғы ақпаннан бастап осы тағайындауға дейін Бақтияр Тілеубеков АХҚО Әкімшілігінде қаржы директоры және әкімшілік мәселелер жөніндегі басшы қызметін атқарды.