Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Бизнес пен халыққа берілген несие 45 трлн теңгеге жетіп қалды

Бизнес пен халыққа берілген несие 45 трлн теңгеге жетіп қалды
Экономикадағы берілген несиелер үлесі бірнеше ай қатарынан сенімді өсімді көрсетуде.

Ұлттық Банктің келтірген статистикалық мәліметіне сәйкес, экономикадағы несиелер көлемі 2024 жылдың 1 маусымнан бастап 22,2%-ға ұлғайып 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 44,5 трлн теңгені құрады.

Қарыз алушылардың санаттары бойынша 20,4 трлн теңге немесе кредиттердің жиынтық көлемінің 46,0%-ы бизнес кредиттеріне (бизнес мақсаттарына кредиттер алған қаржылық емес заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер), 24,0 трлн теңге немесе 54,0% – халыққа берілетін кредиттер.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 40,2 трлн теңгені (90,4%), шетел валютасында – 4,3 трлн теңгені (9,6%) құрады. Банк секторының кредиттері кредиттердің жалпы көлемінің 85,5%-ын құрайды.

Айта кетейік, халыққа теңге түрінде берілген несие өсімі 1,7%, шетел валютасындағысы 2,41% көлемінде едәуір ұлғайды. Алайда, халыққа берілетін кредиттер негізінен теңгемен шоғырланғанын, шетел валютасындағы қарыздардың үлесі небәрі 0,01%-ды (2,3 млрд теңге) құрайтынын нақтылай кетелік.

Ал бизнестегі жағдай басқалай. Шетел валютасында бизнеске берілген несие кредиттер портфельінің 20,9% -ын құрайды және бір айда олардың көлемі 3,4%-ға өсті. Теңге түріндегісі 1,2% өсіп, 16,2 трлн теңгеге жетті.

Банк секторының несиелері үлесі кредиттердің жалпы көлемінің 85,6%-дан 85,5%-ға дейін аздап төмендеді. Керісінше, бұл реттегі көлем бір айда 1,5%-ға немесе 38 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ипотекалық ұйымдардың несиелері алдыңғы айлардағыдай біртіндеп қысқаруда. Бір айда 0,4%-ға немесе 269,8 млрд теңгеге дейін төмендеді. Қаңтар айынан бастап олардың көлемі 2,4%-ға азайды (276,5 трлн теңгеден).

Микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың кредиттері 1,5%-ға, яғни 2,99 трлн теңгеге дейін өсті. Квазимемлекеттік сектордың басқа субъектілерінің кредиттері 3,6%-ға немесе 3,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ұқсас материалдар