Қор нарығында табыс табу басқа нарықтар мен қаржы құралдары сияқты оқуды, ізденуді, жопарлауды, басқаруды талап етеді.
Алматылық Нұржан Ділдаев акция сатып алып - сату арқылы баюға болатыны туралы естиді. Оған ақпарат берген танысы акцияны сатып алып, бірер күннен кейін сатсаң депозиттің айлық кірісінен де көп табыс табуға болатынын айтқан. Алайда әдеттегідей ақпарат толық емес, іздену керегін түсіндірген. Бұл ретте алматылық тұрғынға Google көмекке келген. Іздеу жүйесіне акция сатып алу-сату деп тергеннен кейін түрлі жарнама жарқырап шыға келген. Дәл қазір қазақша терсеңіз 57 600 нәтиже шығарып береді. Кейіпкеріміз іздеуді орыс тілінде жүзеге асырған. Google шығарып берген іздеу нәтижесі шамамен 15 млн асады. Оның ішінде ресми компаниялардың да, түрлі алаяқтардың да жарнамасы көп. Соңғыларының жарнамасы әсіресе әлеуметтік желіде көбірек екенін айта кетуіміз керек. Нұржан Ділдаев сондайлардың біріне тап болған. Қызыл-жасылды жарқыраған сайт белгілі банкің атымен аталады, логотипі де ұқсас, адамды сендіретіндей жасалған. Кейіпкеріміз сайтқа тіркеліп, жеке кабинеті арқылы акция сатып алу тетігін басып, қажетті жолдарды толтырып, банк картасындағы мәліметтерді енгізіп, әйгілі компанияның акциясын 10 000 теңгеге сатып алып көргісі келген. Сайттағы мәлімет бойынша тура 1 айдан кейін оның картасына 15 000 теңге девидент түсуі керек еді. Алайда Нұржанның жеке кабинетінде еш өзгеріс болмаған. ТІпті салған 10 000 теңгесіне неше акция сатып алғаны туралы ақпарат та шықпаған.
«Сайтты жаңартып жарты сағат отырдым. Тіпті болмаған соң кері байланысу үшін номерін де іздедім. Ешқандай дерек жоқ. Сайттың кімге тіркелгенін білу үшін іздеген едім, ізі жасырылған болып шықты. Аты ұқасас банкке хабарластым. Алайда олар ондай қызмет көрсетпейтінін, тіпті жоспарда жоғын, оның бәрі алаяқтардың ісі екенін айтты», - дейді жолы болмаған «инвестор».
Салған ақшасы аз болғандықтан ешқайда шағымданбаған. Таныстары оның табылмайтынын айтып, уақыт құртпауға кеңес беріпті.
«Бір айдан кейін әлгі сайттың жоғалып кеткенін көрдім. Бірақ, тура сол дизайнмен басқа банктің атына ұқсас доменмен пайда болды. Бұдан кейін барып, тағы сол интернеттен жеке инвесторлық туралы оқи бастадым. Мен сияқты алданғандар мыңдап саналады екен. Ал акция сатып алу-сату бірден байытып жіберетін құрал емес екен. Акция сатып алу-сату арқылы табыс табудан әлі күдер үзгем жоқ. Бірақ келесі қадамның алдында бәрін мұқият зерттеп алуды жөн көріп, қазір оқып жатырмын. Бірақ әдебиеттер болсын, интернеттегі деректер болсын орыс не ағылшын тілінде. Қазақша түсінікті инвесторлық әліппесін таппадым. Айтпақшы, бір айға жетпей жатып, түрлі алыс-жақын ресейлік, украиналық «брокерлер» WhatsApp, Telegram, тіпті әлеуметтік желідегі парақшама, телефоныма хабарласып, почтама ха жазып, түрлі табыс табу жолдарын ұсына бастады», дейді алматылық тұрғын.
Нұржан сияқты қазақстандықтар соңғы жылдары көбейе бастады.
«Қазір қор нарығында табыс тапқысы келетіндер өте көп. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еліміздегі инвесторлар базасы 404 мың адамға жеткен. Оның 70 мыңы 24 жасқа дейінгілер. Сонымен қатар алаяқтарға ладанушылар да көп. Көп адамдар жылдам табыс тапқысы келеді. Банктік өнімдерден тыс құралдарды ұсынатындардың көпшілігі жарнамада 2-3 есе көбірек табысты бір айда-ақ табасың дегенді көбірек айтады. Бірден сендіруге тырысады. Көп жағдайда бұл жүзеге асады. Адамдар зерттеп, оң-солын қарамастан бірден сатып алуға ұмтылады. Кәдімгі гипноздаған сияқты. Тек алданғанын білген кезде ғана есін жияды. Адамдардың табысын арттыруға, түрлі құралдарды пайдаланып көруге талпынысы өте дұрыс. Алайда ең бірінші маңызды ақпараттармен танысып алған жөн. Google іздеуші тауып берген кез-келген ақпаратқа сенудің керегі жоқ. Бірақ оларды да оқып, адамдардың клиенттік тарихымен де танысыңыз. Кемі 4-5 ай ақпараттармен танысуға жұмсау керек. Жалпы ең дұрысы, тұрақты түрде қаржы сауатын артттыратын ресурстарды оқып отыруға тырысқан жөн. Мысалы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі fingramota.kz ресурсын ашып қойды. Күнделікті бюджетті жоспарлау, депозиттер, кредиттер, төлемдер, сақтандыру, кредит тарихы, алаяқтар сонымен қатар бағалы қағаздар туралы да күнделікті ақпарат беріп отырады. Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, екінші деңгейлі банктердің сайттарын да ұдайы шолып отыру керек. Көп адамдар жалпы нарықтағы өзгерістерден хабарсыз, бірден табыс тауып кірісіп кеткісі келеді. Бұл сызып алмай үй құрылысын бастап кеткен сияқты. Ондай үйдің кемшілігі көп болады. Бұдан кейін барып бағалы қағаздар нарығын індетіп зерттеу бастауға болады. Қарапайым түсініктермен танысыңыз. Акция деген не? Брокер кім? Қазақстандағы тіркелген брокерлер тізімі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтындағы «Құнды қағаздар нарығы» бөлімінде берілген. Дәл сол сайтта қаржы пирамидасының белгілері бар 56 ұйым және 65 лицензияланбаған инвестициялық делдалдың да тізімі бар», дейді банктің баспасөз хатшысы Ербол Азанбек.
Белгілі экономист Мақсат Халықтың айтуынша адамдардың мұндай жағдайға тап болуына қаржылық сауаттың төмендігі себеп. «Сондықтан алдымен қаржылық сауатты арттырып, қажеттіі ақпараттарды оқып, содан кейін барып қор нарығында ойынша болу не болмау туралы шешім қабылдау керек», дейді ол.
Сарапшылар Қор нарығында ойыншы болуға шешім қабылдасаңыз төмендегі кеңестерге құлақ асуға шақырады.
- Биржалармен таныс болыңыз. Біздің елімізде ең негізгі сауда-саттық KASE және AIX-те өтеді
- Брокерлермен танысыңыз. Олардың тізімі туралы жоғарыда сарапшы айтып өтті. Басты мән беретін нәрсе лицензиясы бар ма? Сенімді ме? Адамдардың пікірі қандай? Мұқият зерттеп алыңыз. Алаяқтары мен адалдарын айырып алған соң, адалдарымен жұмыс істегіңіз келсе оларды зерттеуге кірісіңіз. Тарифтеріне мән беріңіз. Брокерлік шотты толықтыру шарттары қалай, ол брокер оқыта ма, қандай биржаларға мүмкіндік береді? Брокерлік компания сізге толық ақпарат беруі керек. Мысалы: қор нарығында алып-сататын инвесторлар декларация тапсырып, 240.00 есебін өткізуі керек. Егер брокер бұл туралы айтпаса, сенімді деп санауға болмайды.
- Егер нарыққа шынымен кіруге тәуекел етсеңіз, брокерлер немесе қор нарығындағы тәжірибелі мамандардан кеңес алыңыз. Тәуекелдерді, шығындарды бағалау, стратегияны таңдау бойынша жаңа бастаған кезде өздігіңізден шешім қабылдау қаражатыңыздан айырылып қалуға әкеледі.
- Ең бастысы – жоғарыдағы кейіпкеріміз сияқты 10 мың теңге салып, 1 айдан кейін 15000 теңге табыс аламын деген ойдан аулақ болыңыз. Ондай супертабысты тіпті Уоррен Баффеттің өзі таппайды. Әлемдегі ең ірі және ең танымал инвестордың 1965 жылдан 2020 жылға дейін жыл сайынғы орта есеппен табысы 20% құрайды.