Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Былтыр 276 мыңнан астам қазақстандық жәрдемақыны өтінішсіз алды

Былтыр 276 мыңнан астам қазақстандық жәрдемақыны өтінішсіз алды

2025 жылы Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізу нәтижесінде 276,2 мыңнан астам қазақстандық жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді өтініш бермей-ақ алды. Бұл туралы жауапты ведомство мәлімдеді.

Ресми дерекке сәйкес, әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету үшін 529,6 мың азаматқа SMS-хабарлама жолданған. Соның негізінде мыңдаған адам автоматты түрде әлеуметтік қолдауға қол жеткізген.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректерге сүйене отырып қалыптастырылады. Қазіргі таңда платформада 20 млн қазақстандық немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.

ОЦК-ның басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қолдауға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осы жүйе арқылы азаматтарға өтінішсіз 11 түрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақы тағайындалады. Олардың қатарында еңбек ету қабілетінен айырылу, жұмыссыз қалу, асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер, бала туу мен күтіміне жәрдемақы, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға арналған төлемдер, атаулы әлеуметтік көмек және жерлеуге арналған біржолғы төлем бар.

Сонымен қатар жүйе арқылы зейнетақы төлемдері, «қандас» мәртебесіне қатысты ақпараттар және жұмыссыз азаматтарға арналған жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жолданады.

Мемлекеттік қолдау алуға құқығы бар азаматтарға 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарлама жіберіледі. Азамат келісімін растағаннан кейін, төлемдер автоматты түрде рәсімделіп, қаражат банк шотына аударылады.

Ұқсас материалдар