Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Цифрлық гигиена: кибералаяқтардан қорғанудың қарапайым қағидалары

Цифрлық гигиена: кибералаяқтардан қорғанудың  қарапайым қағидалары

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтардан сақтану жөнінде ескерту жасады.

Дербес деректердің тарап кетуі көп жағдайда оларды үшінші тұлғалардың заңсыз пайдалануына әкеледі. Қаскүнемдер сіз туралы және сіздің шоттарыңыз туралы ақпарат алу үшін түрлі айла-тәсілдерін, соның ішінде фишингті ойлап табады. Сондықтан цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау маңызды:

- жеке деректерді ешкімге бермеңіз: Атап айтқанда, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі, төлем картасының толық деректері, әсіресе артқы жағындағы үш таңбалы кодты, SMS кодты және басқа да жеке мәліметтерді ешкімге айтпаңыз;

- күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіз, белгісіз дереккөздерден лицензияланбаған қосымшаларды жүктемеңіз;

- цифрлық кеңістігіңізді үнемі «тазалап» отырыңыз, антивирусты қолданыңыз. Поштаны қарап шығыңыз, спамдарды, күдікті хаттарды өшіріңіз, оларды поштаңыздан бұғаттаңыз, артық пошталық хаттардан және әлеуметтік желілердегі ойын-сауық жазылымдарынан бас тартыңыз. Артық деректерді өшіру үшін кэшті кезең-кезеңімен тазалап отыру керек;

- барлық сервистерге бірдей құпия сөзді пайдаланбаңыз, алаяқтар барлық қолданыстағы  аккаунттарға бір мезетте қол жеткізе алады;

- күрделі және әртүрлі құпия сөздерді пайдаланыңыз. Егер сіздің құпия сөзіңіз аты, тегі, туған күні немесе басқа күндерден тұрса, мысалы, November2021, онда оның қауіпсіздігі өте төмен болып есептеледі.

       Алаяқтар оңайлықпен бұза алмайтын құпия сөз, әдетте үлкен және кіші әріптерден, цифрлардан және арнайы таңбалардан тұрады. Оның тікелей мағыналық жүктемесі болмайды, кемі 10 немесе одан да көп таңбалардың комбинациясынан құралады. Мысалы: Rgylj@U64i.  

Банктік аккаунттарға кіру үшін жалпыға ортақ Wi-Fi-ды пайдаланбаңыз. Мұндайда байқамай жалған қауіпсіздік сертификаттарын пайдалану қаупі бар.

Сізге таныс емес нөмерден қоңырау шалып немесе хат жазып, өзін банк, әлеуметтік қызметкер, құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырған бейтаныс адамдарға сенбеңіз.

Өзге де пайдалы материалдармен Fingramota.kz сайтынан таныса аласыздар.

Ұқсас материалдар