Мен де, менің қонақтарым да өртке себеп болатын ешқандай әрекет жасаған жоқпыз. Біз яхтада орнатылған өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтадық. Біз Грекия билігі жүргізіп жатқан тергеуге толықтай көмек көрсетуге дайынбыз. Бүгін кәсіпкер Данияр Абулғазин Грекиядағы өртке байланысты осындай мәлімдеме жасады.
«Мен Грецияның Гидра аралында болған өртке байланысты өкініш білдіремін. Нақтылық үшін, мен «Персефони I» яхтасын 2024 жылғы 15 маусым күні сағат 12:00 (түс) мен 22 маусым күні сағат 12:00 аралығында Грекия аралдарында өзім және қонақтарым үшін круиз ұйымдастыру мақсатында жалға алдым.
Бастапқыда 22 маусымға жоспарланған Грекиядан кетер алдында бізге Грекия билігінің өкілдері хабарласып, осы оқиғаға байланысты маған немесе менің қонақтарыма қатысты ешқандай шағым айтқан жоқ. Осылайша, біз алдын ала белгіленген сапар жоспарымызды жалғастырдық. Айта кету керек, кейбір қонақтар 2024 жылғы 21 маусым күні таңертең кетіп қалған болатын.
Бізге баспасөзде шыққан айыптауларды есту күтпеген жағдай болды және мен кез келген құқық бұзушылықты үзілді-кесілді жоққа шығарамын.
Мен де, менің қонақтарым да өртке себеп болатын ешқандай әрекет жасаған жоқпыз. Біз яхтада орнатылған өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтадық. Мен де, менің қонақтарым да яхта экипажынан немесе басқа үшінші тараптардан өртке әкелуі мүмкін кез келген әрекетті жасауын сұраған жоқпыз.
Біз әрқашан қажетті қауіпсіздік шараларын сақтап, осындай оқиғалардың алдын алу үшін заңдар мен ережелерді қатаң сақтаймыз. Біз Грекия билігі жүргізіп жатқан тергеуге толықтай көмек көрсетуге дайынбыз. Тергеу жалғасып жатқандықтан, әрі қарай пікір білдіру немесе қандай да бір болжам жасау орынсыз болар еді», – делінген хабарламада.