DHL-дің жүк таситын Boeing-737 ұшағы Вильнюс әуежайының маңында құлап, бір адам қаза тапты.
Бүгін таңертең Вильнюсте DHL компаниясына тиесілі жүк таситын Boeing-737 ұшағы апатқа ұшырады, ол тұрғын үйлерге соғылған деп, – хабарлады литвалық БАҚ.
Алдын ала деректер бойынша, бортта төрт адам болған, олардың бірі қаза тауып, үшеуі ауруханаға жеткізілген. Үй тұрғындары эвакуацияланды.
Ұшақ құлағаннан кейін шыққан өрт шамамен таңғы сағат 7:30-да (Мәскеу уақыты бойынша 8:30) сөндірілді.
«Вильнюс әуежайы төтенше жағдайлар бойынша жедел штаб құрды. Қазір оқиғаның себептері анықталуда. Алғашқы нұсқа бойынша, бұл техникалық себептерден болған апат болуы мүмкін. Бірақ әзірге нақты мәлімет айтуға ерте», – деді Ұлттық төтенше жағдайларды басқару орталығының басшысы Вилмантас Виткаускас Латвия радиосына берген пікірінде.
Литвалық әуежайлар компаниясы – Lietuvos oro uostai берген мәліметке сәйкес, DHL-дің жүк ұшағы Лейпцигтен Вильнюске бағыт алған. Бұл оқиға Вильнюс әуежайында бірнеше рейстің ұшуын кешіктірді.
Оқиға орнында қаланың арнайы қызметтері, сонымен қатар Вильнюс әуежайының өрт сөндіру бригадалары құтқару жұмыстарын жүргізуде.
Литваның Мемлекеттік қауіпсіздік департаментінің басшысы Дарюс Яунишкис таңертең болған жүк ұшағының апатын сыртқы әсермен байланыстыруға әлі ерте екенін, бірақ терроризм мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайтынын да атап өтті.
Полиция DHL-дің жүк ұшағы апаты бойынша алдын ала тергеу жұмыстарын бастаса, авиациялық қауіпсіздік сарапшылары оқиғаны зерттеуге кірісіп кетті. Айта кету керек, тергеу амалдары халықаралық ұшу ережелерін бұзу және көлік құралдарын дұрыс ұстау ережелерін сақтамау фактілері бойынша жүргізілуде.